Петропавлда абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қазір қаладағы Тауфик Мухамед-Рахимов атындағы скверді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін бұл аумақ көңіл көншітпейтін күйде болды. Қараусыз қалған орында ішімдікке әуес адамдар көп жүрді. Айналасы қоқысқа толып, тұрғындарда қолайсыздық туғызды. Енді төңірек көз қуантпақ. Мамандар ескі кеспетасты жаңартады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жолақтың ені 1 метрге дейін кеңейтіледі. Қалыпқа келтіру жұмыстарына 10-ға жуық адам жұмылдырылған.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қаланы абаттандыру аясында Тауфик Мухамед-Рахимов атындағы скверді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Саябақ бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеді. Жұмыс барысында ескі кеспетастар ауыстырылып, жаңа орындықтар орнатылады. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі жаңартылады және маңайдағы ағаштар бұталады.
Оң өзгерістерге сквер аумағында тұратын жандар дән риза. Алғыстарын білдіріп жатыр. Мамандардың сөзінше, қалыпқа келтіру жұмыстары 2 аптаның ішінде аяқталуы тиіс.
Улан Ыдырыс