Қоғам

Петропавлда “Жарнама – тіл тазалығының көрінісі” атты байқау өтті

Петропавлда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің сауатты рәсімделуін насихаттайтын “Жарнама – тіл тазалығының көрінісі” атты республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті. Шара барысында қатысушылар ана тіліміздегі жобалары мен жарнамалық материалдарын көпшілік назарына ұсынды. Байқау жыл сайын өткізіледі. Биыл облыстық кезеңге 12 үміткер өткен. Олар – кәсіпкерлер, тауар өндірушілер және тіл жанашырлары. Қатысушылардың мақсаты – өз кәсіпорнын мемлекеттік тілде жарнамалау, қазақ тіліндегі жарнама мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу.

ЕРКЕШ ЕРДЕНОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:
– Аталмыш байқау кезең-кезеңмен өткізілуде. Алдымен ауылдық округтерде, кейін аудандық, қалалық деңгейде өткізілді. Жеңімпаздар 3 номинация бойынша анықталады. Биылғы байқауда үздік тауар өндірушілер мен жалға берушілер бақ сынайды.

Байқауға бақ сынауға келгендердің арасында Тимирязев ауданының өкілі Сәуле Бекеева да бар. Оның әпкесі Күлзейнеп Бекеева ветеринарлық дәріханаға иелік етеді Алайда, өзі Петропавлға келе алмапты. Оның орнына сіңдісі келіп, жануарларға қажетті тауарлар сатылатын орынның жарнамасын таныстырды.

СӘУЛЕ БЕКЕЕВА, қатысушы:
– Мен әпкемнің орнына келіп отырмын. Ол 20 жылға жуық өзі ашқан ветеринарлық дәріханада жұмыс істейді. Бүгін белгілі бір себептерге байланысты келе алмады. Тыңғылықты дайындалып еді, менің жолым болады деп ойлаймын.

Шара соңында барлық қатысушылар арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапатталды. Ал 3 номинация бойынша үздік деп танылған жеңімпаздардың жұмыстары алдағы уақытта республикалық кезеңге жолданатын болады.

Жаннур Бектурганова