Облыс полицейлері Петропавл аумағында синтетикалық есірткі таратуға ниетті кезекті күдіктіні ұстады. Ол Астана қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам қалаға таксимен келген. Иығына ілген сөмкесінде және қалтасында зиянды зат болыпты. Соны жасырын орындарға қалдырып кетуді көздеген екен.
НҰРИСЛАМ ІЛИЯСОВ, Петропавл қалалық ПБ жедел уәкілі:
– Петропавлда синтетикалық есірткі заттарын сатты деген күдікпен Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны ұсталды. Одан аса ірі көлемде мефедрон алынды. Күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Күдіктінің интернет-дүкенде жұмыс істей бастағанына шамамен 2 апта болған және Петропавлға есірткімен екінші рет келген. Жалпы, жыл басынан бері облыс полицейлері заңсыз айналымнан 462 келі заңсыз зат тәркіледі. Соның 8 келісі – синтетикалық түрі.
Байболат Култанов