Қызылжар ауданында жылқышы Қамбар ата төлдерін ұрлап, халықты сан соқтырған. Малы үшін шырылдаған тұрғындар шығынның өтелгенін қалайды. Сол үшін қаңтардан бері аудандық соттың табалдырығын тоздырып жүр. Зардап шегуші Мейрам Сейіловтің сөзінше, айыпталушы оның 30 бас жылқысын қолды қылған. Бескөлдік азамат пысықайға 2013 жылы биелерін сеніп тапсырған екен, содан бері құлындарын есептеп отырыпты.
МЕЙРАМ СЕЙІЛОВ, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Әр бием құлындаған сайын сүйіншісін беріп отырдым. Қыс келіп, жылқымның бірін соятын болдым. Өзіне жолықтым. Сонда “Маған не деп тұрсын? Олар менің жылқым. Сенікі екенін дәлелдейтін құжат бар ма?” деп өзіме сес көрсетті. Оған жылқыларымды баққаны үшін көп көмектестім. Талай рет техникамды пайдаланды. Соңында осындай “алғыс” айтып отыр.
Мәселенің мән-жайын толығырақ баяндасақ. Айыпталушы мен ағайын арасында ортақ келісім болған. Олар күдікті халықтың жылқысын тегін бағып, пайдасын сол көру бойынша уағдаласыпты. Нәтижесінде бақташының арбауына 23 адам түскен. Тұрғындардың сөзінше, пысықай бақандай 120 жылқыны қолды қылған. Иелері малымызды көрсетші деп сұрағанда, қолым босамайды деп ат тоңын ала қашады екен. Әрдайым жақын адамым өмірден өтті немесе тойға бару керек деп сылтау айтып келген.
САРЫБАЙ ЖАНҒОЖИН, Петропавл қаласының тұрғыны:
– Бақташыға 2017 жылы 8 биемді сеніп тапсырдым. Содан бері бір малымды жеп көрген емеспін. Әрдайым бізбен шартқа отырудан қашатын. Сонымен қатар, малымызды баққаны үшін ақша алмады. Биелерімізді сауып, пайда көрді.
Зардап шегушілер айыпталушының жылқы басына 500 мың теңгеден төлегенін қалайды. Бүгінге жоспарланған сот отырысы белгілі бір себептермен кейінге шегерілді. Енді тараптар қыркүйектің 9-шы жұлдызында жиналып, мәселені талқыға салмақ.
Нурасыл Ахмет