Апалы-сіңлі Юлия мен Виктория – балалар үйінің тәрбиеленушілері. Тағдыр тауқыметін тартқан бауырларды баспана мәселесі алаңдатады. Нәзікжандылардың арнайы статус бойынша үй кезегінде тұрғанына 10 жылдан асыпты. Бірақ, әлі көздегендеріне жете алмай жүр. Ал бірге оқыған сыныптастары осыдан бірнеше жыл бұрын қоныс тойын тойлапты.
ЮЛИЯ КАЗАЧЕНКО, қала тұрғыны:
– Үй кезегінде 2015 жылдан бері тұрмын. Баспана алу үшін бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Қала әкімімен де кездестім. Ол мені «күтіңіз» деген жауаппен қайтарды. Ал Отбасы банктің қызметкерлері ипотекалық несие алыңыз дейді. Бірақ, жинаған ақшам жоқ. Қазіргі таңда күйеуіммен жалдамалы пәтерде тұрамыз.
31 жастағы Виктория Мамедова – жалғызбасты ана. 2 баласы бар. Ол да жалдамалы пәтерде тұрады. Баспанаға ай сайын 120 мың теңге көлемінде ақша төлейді екен.
ВИКТОРИЯ МАМЕДОВА, қала тұрғыны:
– 2012 жылы үй кезегіне тұрдым. Бастапқыда кезегім жыл сайын жақындады. Ал 2016 жылдан бері бір орында тұрмын. Неге екенін білмеймін. Ешқандай хабарландыру мен қоңыраулар келген емес. Жалақым өте аз. Айына 150 мың теңге ғана аламын.
Қазіргі таңда кезекте тұрғандардың тізіміне, үймен қамтылуына Отбасы банк жауапты. Астанадағы негізгі орталыққа хабарластық. Жауап келді. Виктория Мамедованың баспана алу мүмкіндігі жоғары. Ал Юлия Казаченкоға күту керек. Алдымен 2015 жылға дейін кезекке тұрғандар баспаналы болады.
БАЛЖАН БОТАХАНОВА, “Отбасы банк” АҚ тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының маманы, Астана:
– 2025-2026 жылдары Қазақстан бойынша «жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатындағы 3 189 азамат баспанамен қамтылды. Осы санаттағы адамдарды қамту көрсеткіші 5 есеге артты. Петропавлда жалдамалы 157 пәтердің 34-і жетім балалар санатына бөлінді. Пәтерлер отбасы мүшелерінің саны мен тұрғын үй көлеміне қарай үлестіріледі.
Облыста тұрғын үйге мұқтаж жандардың тізімі 27 267 адамнан тұрады. Оның 19 мыңға жуығы Петропавлда баспаналы болғысы келеді.
Аружан Султанова