Қоғам

СҚО тілдерді оқыту орталығына – 10 жыл

Солтүстік Қазақстан облыстық тілдерді оқыту орталығына – 10 жыл. Мерейтойға орай ұйым қызметкерлері бас қосты. Мұндағы мамандардың міндеті – ниет танытқан ересектерге қазақ және ағылшын тілін үйрету. Нәтиже жаман емес. Қызметкерлер әр жыл сайын 140 топтан тұратын 2,5 мыңнан астам адамға тәлім береді. Жақында Астанада осы іске қатысты алқалы жиын ұйымдастырылған. Сонда жүйеге өзгерту енгізу шешімі қабылданыпты.

ОРАЛ ЖАНАТОВ, СҚО тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:
– Астанада қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру курсы өтті. Бұл курстың тақырыбы – “Қазақ тілін оқыту әдістемесін бір жүйеге келтіру”. Елімізде қазақ тілін оқыту курсы бір жүйеге келтірілмеген. Бір жерде 40 сағат, екіншісінде 60 сағат дегендей. Бір жүйеге келтіру үшін бәріміз 100 сағат болсын деп келістік. Яғни, тыңдаушы 100 сағат оқып шығады, содан кейін оның деңгейі анықталады.

Қазіргі таңда облыста 827 адам – қазақ, ал 127 адам ағылшын тілі тобында білім деңгейін арттыруда. Олар жаңа жүйе аясында оқиды. Ниет танытқан тыңдаушылардың басым бөлігі – серіктестік қызметкерлері, орта және шағын бизнес өкілдері. Бұл – мемлекеттік тілге деген сұраныстың, құрметтің артқанының айқын белгісі. Мерейтойға орай қатарының алды болып жүрген мамандарды марапаттау рәсімі де өтті. Роза Мұғалімова «Үздік оқытушы» аталымында топ жарды. Ол ұстаз болып 16 жыл еңбек етеді. Жұмысының негізгі бағыты – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету.

РОЗА МҰҒАЛІМОВА, СҚО тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:
– Өзге ұлт өкілдеріне А1, А2 деңгейі бойынша сабақ беремін. Сабаққа қатысып жүрген тыңдаушылар тесттен жақсы өтеді. Қала тұрғындарына облыстық кітапханада сабақ бергенмін. Бізде 40 сағаттық курс бар. Сабаққа қатысса, олар өздері үшін белгілі бір нәтиже алып шығады. Біз жалпы 4 тәсіл бойынша жұмыс істейміз: айтылым, оқылым, жазылым, сөйлесім.

Тіл үйренуге ынта танытқан азаматтарға орталық есігі әрдайым ашық. Курсқа жазылып, білім алу үшін тыңдаушы ақша төлемейді.

Аружан Султанова