Әлеуметтік желіде жас жігіттің петропавлдық патрульдік полиция қызметкерлеріне алғыс білдірген видеосы жарияланды. Ол тәртіп сақшыларының жарақат алған әкесін аз уақыттың ішінде ауруханаға жеткізгенін айтқан. Оқиға барысын баяндайық. 60 жасқа таяған тұрғын үй маңындағы жұмыстармен айналысу кезінде қолын жарақаттап алған екен. Азамат өздігімен аққан қанды тоқтата алмапты.
ҚУАНЫШ ЛЯБАЕВ, Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:
– Тамыздың 20-сы күні кешкі 18:00 шамасында Жамбыл көшесінде қызмет атқару кезінде жарақат алған ер адамға көмек қажет деген хабарлама түсті. Патрульдік полицейлер оқиға орнына жедел жетіп, ер адамды №3 қалалық ауруханаға жеткізді.
Сол күні қызметте жүрген Қуаныш Лябаев пен Азамат Қоржанқұлов ер адамды дәрігерлерге небәрі 5 минутта жеткізген. Мамандар қызметтік көліктің жарықшамдарын қосып, жоғары жылдамдықпен жүруге мәжбүр болыпты. Кейін негізгі жұмыстарына қайта оралған.
Жансая Дербисова