Қоғам

Петропавлда ретро би кеші ұйымдастырылды

Петропавлдағы Жеңіс саябағында аға буын өкілдеріне арналған ретро би кеші ұйымдастырылды. Ашық аспан астындағы көңілді думанға әжептәуір адам жиналды. Олар жалынды жастық шақты еске салған музыкаға шаттана биледі. Сахна төрінен табылған өнерпаздар да кез келген жанды еріксіз билетер әндерді шырқады. Әнге қосылған, мың бұрала билеген жерлестеріміз би кешіне ерекше дайындалған. Сәнді көйлек, көздің жауын алар әшекей, тамсандырар шаш үлгісі. Осының бәрі кештің көркін келтірді. 71 жастағы Алма Махаметова би десе ішер асын жерге қояды. Ол 13 жылдан бері бимен айналысып жүр. Айтуынша, әуен көңіл-күйді көтереді, ал қимыл-қозғалыс сергектік сыйлайды.

АЛМА МАХАМБЕТОВА, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” ҚБ өңірлік филиалының төрайымы:
-Біздің би кешіміз жұма күндері орталық алаңда, ал жексенбі күні Жеңіс саябағында өтеді. Ең басты ерекшелігі – би кешіне қатысушылардың барлығы зейнеткер. Біз осында жиналып, бірге уақыт өткізіп, қуанышымызды би арқылы бөлісеміз. Барлығын биге қатысуға шақырамын.

Ретро би кеші барысында кезінде хитқа айналған әндер орындалды. 2 сағатқа созылған көңілді думан зейнеткерлерге ерекше әсер сыйлады. Аға буын өкілдері келесі би кешін асыға күтеді. Олар тағы бір мәрте қауышып, көңіл көтеруге, алыстан қол бұлғаған жастық шақты еске алуға асық.

Жансая Дербисова