“Қыстың қамын жазда ойла” деген нақыл сөз бекерден-бекер айтылмаған. Қазір теріскейліктер қытымыр мезгілге қамдануда. Жерлестеріміздің әзірлік қарқынын білу үшін Жұмысшы кентінде орналасқан теміржол тұйығына ат ізін салдық. Бүгін мұнда 800 тонна көмір жеткізілген. Ал қоймадағы қара отынның жалпы қоры 6 мың тоннадан асып жығылады.
МҰРАТХАН ТҰРМҰХАМБЕТОВ, серіктестік менеджері:
– Былтыр осы уақытта адамдар көп көмір алды. Ал биыл өте аз. Тіпті, жаңадан келген қара отынды қайта түсірерімізді білмейміз.
Бұл көңіл көншітпейтін жағдай. Түсірілім барысында көмір алуға келген бірде-бір адамды көрмедік. Сылбыр қимылдаған солтүстікқазақстандықтар сан соғып қалуы мүмкін. Мұратхан Тұрмұхамбетовтің сөзінше, егер сатып алушылардың саны жақын арада артпаса, қара отынға деген сұраныс қазан-қараша айларында аса жоғары болады.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ: тілші:
– Қоймаға тек “Шұбаркөл” маркалы көмір жеткізіледі. Бағасы – 22 мың 500 теңге. Мұнда қара отынға деген талас пен ұзын-сонар кезек байқалмайды. Сондықтан мамандар тұрғындардан қысқа ертерек қамдануды сұрайды.
МҰРАТХАН ТҰРМҰХАМБЕТОВ, серіктестік менеджері:
– Шұбаркөл” көмірі өте қызулы. Қалдық та аз шығады. Серіктестік әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қара отынды тегін апарады.
Көмір бар, жеткілікті көлемде теміржол тұйықтарында жатыр. Ендігі міндет – тұрғындардың қара отынды көпке созбай сатып алуы. Әйтпеген жағдайда талас-тартыс туындауы, белгілі бір себептерге байланысты баға өсуі мүмкін. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әлішер Беспаев сандармен бөлісті.
ӘЛІШЕР БЕСПАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
– СҚО-да көмірдің қажеттілік көлемі 624 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда 187 мың тонна дайындалды. Бұл жалпы көлемнің 48 пайызын құрайды. Бүгінде бюджеттік мекемелерге 154 мың тонна қара отын жеткізілді. Олар: мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар.
Қазір тұйықтарда 54 мың тонна көмір қоры бар. Биыл облысымызда қара отынның тоннасы 12 мен 25 мың теңгенің аралығында сатылуда.