Бұл — Мамлют ауданының орталығында орналасқан №353 сайлау учаскесі. Мұнда таңсәріден бері тұрғындардың белсенділігі жоғары. Өз таңдауын жасауға келгендердің қатарында 19 жастағы аудандық мәдениет үйінің хореографы, балерина Анастасия Еськова да бар.
Сайлау комиссиясының мәліметінше, аталмыш учаскеде 975 сайлаушы тіркелген.
НИКОЛАЙ СТАДНИК, №353 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Мамлют ауданы:
– Қазіргі уақытта сайлаушылардың шамамен 20 пайызы өз таңдауын жасап үлгерді. Учаске сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Барлығы ережеге сай өтуде. Ешбір құқықбұзушылық орын алған жоқ. Сонымен қатар, біздің сайлау учаскемізде мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған.
Айта кетейік, сонымен қатар аталмыш учаскеде үйден дауыс беретін 16 адам бар.
Мамлюткадағы сайлау учаскесіне дауыс беруші жолбарыс киімінде келді
Ал Мамлют ауданының орталығындағы №323 сайлау учаскесінде 1 мың 384 сайлаушы тіркелген. Олардың 33 пайыздан астамы өз таңдауын жасап үлгерген. Қазіргі уақытта учаскеде азаматтардың белсенділігі жоғары. Өз азаматтық борышын орындауға келгендердің қатарында тіпті жолбарыс кейпіндегі киім киген тұрғындар да бар.
СЕРІК ҚАНЖЕҒАЛИН, №323 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Мамлют ауданы:
– Учаске жұмысы штаттық режимде өтіп жатыр. Таңғы сағат 7-ден бері сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Дауыс беруге үйден қатысу үшін бүгінге дейін 38 өтініш түскен. Қазір осы азаматтардың дауысын қабылдау үшін комиссияның екі мүшесі арнайы учаскеден тыс жұмыс істеуге аттанды. Сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қажетті жағдай жасалған. Атап айтқанда, нашар еститін және есту қабілеті төмен азаматтарға, сондай-ақ өзге де ерекше қажеттілігі бар сайлаушыларға дауыс беру кезінде қолайлы жағдай қарастырылған.
Айта кетейік, Мамлюткадағы №323 учаскеде барлығы 7 комиссия мүшесі жұмыс істеуде.
Улан Ыдырыс