ЖАННҰР БЕКТҰРҒАНОВА, тілші:
– Біз №595 сайлау учаскесінде тұрмыз. Ол облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында орналасқан. Учаскенің есігі алғашқы сайлаушылар үшін дәл 7:00-де ашылды.
Еліміз үшін тарихи күн мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталды. Биылғы саяси науқанның басты ерекшелігі – Құрылтайға сайлау алғаш рет өткізіліп отыр. Есік ашылысымен учаскеге алғашқы сайлаушылар келіп, өз таңдауын жасай бастады. Олардың қатарында қоғамдық салаға ұзақ жыл бойы еңбек сіңірген жан, ғылым кандидаты және облысымыздың құрметті азаматы Нэлли Иванова да бар.
НЭЛЛИ ИВАНОВА, СҚО құрметті азаматы:
– Елімізде орын алып жатқан өзгерістер өзімізге байланысты. Менің де бұл жерге келіп, дауыс беруім еліміздің өркендеуіне өз септігін тигізеді деп есептеймін. Бүгінгі басты міндетіміз – дауыс беріп, Құрылтайға лайықты жандарды сайлау. Құрылтай Қазақстанымызға жаңа серпін, жаңа бағыт береді деп сенемін.
595-ші сайлау учаскесі бойынша дауыс берушілердің саны – 1974 адам. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 4 азамат тіркелген. Олар үшін учаскеде сыртқы пандустар, тактильді көрсеткіштер, шақыру түймесі, лифт қарастырылған. Партиялар туралы аудиофайл жүктелген компьютер бар және арнайы кабина жабдықталған. Комиссия мүшелері барлық бюллетеньдер мен учаскенің дайындығын толық пысықтап, жұмысты штаттық режимде бастады. Жалпы алғанда, өңір бойынша сайлау науқанына 3 196 комиссия мүшесі жұмылдырылған.
ҚАНАТ СӘДУАҚАС, №595 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
– Сайлауға алғаш келген 13 сайлаушымыз келді. Оларға жеңіл-желпі сыйлықтарымыз бар. Әзірге сайлаушылардың белсенділігі орташа. Бірақ түске таман белсенділік артады сенеміз.
Сайлаушылар тізіміне ел бойынша 12 605 788 адам енгізілген. Барлығы 10 423 сайлау учаскесі бар, 79 учаске 61 шет елде құрылған.
Жаннур Бектурганова