Бұл – Мамлют ауданы Бексейіт ауылындағы №353 сайлау учаскесі. Мұнда халық таңсәріден бастап өз дауысын беруде. Еліміздің болашағы үшін аса маңызды науқанға Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қаражұманов та жанұясымен келіп қатысты. Агросалада 40 жылдан астам еңбек еткен ардагердің сөзінше, әр азаматтың сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы — ел дамуына қосқан маңызды үлесі.
МҰРАТ ҚАРАЖҰМАНОВ, ҚР Еңбек Ері:
– Құрылтай – елдің маңызды мәселелері талқыланып, халықтың пікірі ескерілетін үлкен жиын. Бұл – ел болашағына бейжай қарамай, өз ойымызды ашық білдіретін мүмкіндік. Еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Құрылтай жұмысына сәттілік тілеймін, қабылданған шешімдер халықтың игілігіне қызмет етсін!
Жалпы, Бексейіт ауылындағы №353 сайлау учаскесіне 210 сайлаушы тіркелген. Қазіргі таңда ауылдағы ағайын белсенді түрде өз таңдауларын жасауда.
ЖАРҚЫН КЕНЖЕТАЕВ, №353 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Мамлют ауданы:
– Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының шамамен 20 пайызы дауыс беріп үлгерді. Сайлаушылардың белсенділігі жақсы. Сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің сөзінше, сайлау барысында ешқандай құқықбұзушылық фактілері тіркелген жоқ, дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Улан Ыдырыс