Қоғам

№591 сайлау учаскесінде дауыс беру белсенді жүріп жатыр

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ғимаратында орналасқан №591 сайлау учаскесі өз жұмысын уақытында бастады. Сайлау учаскесінде дауыс берушілерге барлық қажетті жағдай жасалған.

НӘЗИРА САМАЕВА, №591 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
– Біздің сайлау учаскесі “Жас өркен” ауданын қамтиды. Таңғы уақыттан бері келушілердің белсенділігі жоғары. Қазірдің өзінде сайлаушылардың едәуір бөлігі дауыс беріп үлгерді.

Сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беруге келген азаматтарды қабылдап, олардың тіркеу рәсімінен өтуін қамтамасыз етті. Бүгінгі науқанға Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкова да қатысып отыр. Ол дауыс беруге азаматтық жауапкершілікпен қатысып, бақылаушы ретінде өз ойын білдірді.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО Жастар ресурстық орталығының басшысы:

– Құрылтай сайлауы – еліміз үшін айтулы оқиға. Мен үшін қоғамдық өмірден шет қалмай, елде болып жатқан өзгерістерге саналы түрде қатысу маңызды. Бүгін сайлаушы ретінде ғана емес, науқанға бақылаушы ретінде де қатысып отырмын. Таңнан бері тұрғындар жақсы көңіл күймен келіп дауыс беріп жатыр.

Учаскедегі жұмыстың жүйелі ұйымдастырылғаны байқалады. Дауыс беру науқаны кешкі сағат 20:00-де аяқталады. Оған дейін сайлаушылар келіп, өз таңдауын жасай алады.

Жансая Дербисова