Тоғыз жолдың торабында орналасқан Тайыншада тұңғыш рет қала күні тойланды. Шаһардың 64 жылдығына орай орталық алаңда кең ауқымды шара ұйымдастырылды. Жиналғандар нағыз салтанаттың куәсі болды. 1962 жылы қала статусын алған, ал 1997 жылы атауы өзгерген Тайынша – талай перзенттің туған және өсіп-өнген жері. Сонысымен халыққа ыстық. Дүйім жұрт жан-жақтан құттықтау қабылдады. Өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтауын облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев оқып берді. Тұрғындарға аудан басшысы Берік Әлжанов та жылы лебізін білдірді.
БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
– Бүгінде біздің қаламыз дамып, көркейіп, өсіп келеді. Бұл өз ісін дамытып жүрген кәсіпкерлеріміз бен тұрғындарымыздың адал еңбегінің нәтижесі деп білемін. Жерлестерді ортақ мерекеміз – қала күнімен құттықтаймын. Тек осындай думанда жиналайық. Алға қадам басуды жалғастырамыз. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының және облыс әкімінің қолдауы мығым.
Салтанатты шара барысында елге еңбегі сіңген азаматтар құрмет-қошеметке бөленді. Аудан мен Тайыншаның дамуына үлес қосқан солтүстікқазақстандықтарға түрлі дәрежедегі марапат табысталды.
АНАТОЛИЙ РАФАЛЬСКИЙ, Тайынша ауданының Құрметті азаматы:
– Тайынша ауданында 40 жыл еңбек еттім. Ұзақ уақыт аудандық аурухананы басқардым. Қазір ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Бүгін ерекше қуанышқа кенеліп отырмыз. Мұндай мереке бұрын ұйымтастырылған жоқ. Қаланың өзгеруіне келсек, өткен мен бүгінгіні салыстыруға келмейді. Біраз оң өзгеріс болды. Бұған марқайып отырмыз. Барша тайыншалықты құттықтай келе, денге саулық тілеймін!
Тайыншаның 64 жылдығына арналған думанда жиналғандар бірліктің куәсі болды. Қала күніне ауылдық округтер тыңғылықты дайындықпен келіпті. Олар әзірлеген жәрмеңке алаңға сән берді, жұртшылыққа қуаныш сыйлады.
НҰРЛАН МҰСТАХАНОВ, Зеленогай ауылдық округінің әкімі:
– Зеленогай ауылдық округінен арнайы келдік. Жақында құрамыздағы ауылдар 90 жылдық мерейтойларын атап өтті. Сол кезде жұртшылыққа ұсынған дүниелерді осында әкелдік. Қолөнер жұмыстары бар. Көпшілік тамсана қарауда. Біз көпұлтты елде, көпұлтты ауданда тұрамыз. Әр мерекеде ұлттардың достығы, мәдениеті, дәстүрі көрініс табады. Бұған қуану керекпіз. Тайыншамыз жасай берсін!
Бүгінде Тайыншада 12 мыңға жуық адам тұрады. Қала күніне арналған думан кешке концертпен жалғасын тапты. Мерекелік шарада отандық эстрада жұлдыздары да өнер көрсетіп, жиналғандарды шаттыққа бөледі.
Байболат Култанов

