Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы аясында өңірімізде кезекті IT-орталық ашылды. Бұл жолы заманауи нысанның таспасы Тайынша ауданында қиылды.
ӘЛІБЕК КӘРІМ, “Taiynsha hub” IT-орталығының жетекшісі, Тайынша ауданы:
– Орталық балалардың білімін арттыру, таным көкжиегін кеңейту, мүмкіндіктерін ашу бағытында жұмыс істейді. Біз жастарды жасанды интеллектіні қолдануға, бағдарламалауға үйреткіміз келеді. Киберспорт та қалыс қалмайды. Болашақта өзіміздің командамызды құруды жоспарлап отырмыз. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Осындай жаңашылдықтар жетеді, қолданысымызда болады деп мүлде ойламадық.
Толығырақ айтсақ, орталыққа 16 компьютер қойылған. Робототехникаға арналған жабдықтар, 3D-принтерлер, LED-экрандар, подкаст және медиа-аймақ қарастырылған. Соңғысы болашағын ақпарат саласымен байланыстырғысы келетіндер үшін таптырмас тамаша мүмкіндік.
АНЕЛЬ ЖАҒЫПАРОВА, “Taiynsha hub” IT-орталығының медиа маманы:
– Мен медиа-аймаққа жауап беремін. Мұнда контент әзірлеу, бейне түсіру және монтаж жасауды үйретемін. Керектінің бәрі бар. Жарықтандыру құрылғылары, камера, фото-аймақ, ноутбук және хромакей алынған. Соңғысы арқылы түрлі визуалды эффектілер жасай аламыз. Медиа-аймақ баршаға қолжетімді болады. Осында кез келген адам қызықты идеясын жүзеге асыра алады.
IT-орталықта әр бағыт бойынша өз ісін жақсы меңгерген мамандар жұмыс істейді. Олармен облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев тілдесті, жасалған жағдаймен танысып шықты. Тайыншада талапты, талантты балалар баршылық. Ғылымға, білімге құмартқандар орталық қабырғасында бас қосты. Олардың әрқайсысы болашағынан зор үміт күттіреді.
ЕРАСЫЛ ҚАЙЫРГЕЛДІ, “Taiynsha hub” IT-орталығының тәлім алушысы:
– Менің бағдарламалауға қызығушылығым пайда болғанына екі жыл болып қалды. Бұл IT-орталықтың соңғы үлгідегі қажетті техникалармен және құрылғылармен толық жабдықталғаны өте ұнады. Енді мұнда жаңа дағдыларды үйреніп, озық саланың қыр-сырын меңгеру үшін үлкен ынтамен келіп тұратын боламын.
Қоса кету қажет, орталық бір уақытта шамамен 100 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда аудандағы ауыл балалары да жиі жиналмақ.
Байболат Култанов

