Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда автожол өткелі ашылды

Облыс орталығында теміржол арқылы өтетін автожол өткелі ашылды. Бұл нысанды халық, әсіресе жүргізушілер асыға күтті. Ол Жұмысшы кентіндегі Караван көшесі бойында орналасқан көпірге түсетін жүктемі азайтады және Жас өркен ықшам ауданына, орталыққа қарай тура қатынауды қамтамасыз етеді. Сонысымен аса маңызды саналады.

МУРАТ ХАРСИЕВ, “Құрылыс-Сервис-СК” ЖШС директоры:
– Дәл қазіргі таңда нысан 95 пайызға дайын. Кей жерлерін сырлау, сыртқы көрінісін ретке келтіру сияқты аз-маз шаруа қалды. Дегенмен, өткел толық жұмыс істей береді. Жаяу жүргіншілер де, автокөліктер де қозғала алады. Қалған істі шамамен бір айдың ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Ол қозғалысқа ешқандай кедергі келтірмейді.

Әлеуметтік жобаға аз ақша бағытталған жоқ. Қазынадан қыруар қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілді. Бүгін соның игілігін көретін күн жетті.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Өзіміз көріп тұрғандай, Универсал көшесінің келесі бөлігі өзге жоба аясында жөнделіп жатыр. Жұмыс келесі аптада аяқталады. Сонда көліктер емін-еркін қатынайтын болады. Осы жоба арқылы біз бірінші кезекте Жұмысшы кентінің тұрғындарына жайлы жағдай жасадық. Сонымен қатар, жүк көліктеріне қатынауды жеңілдеттік. Енді ауыр техника айналма жол немесе орталық емес, мына өткел арқылы діттеген жеріне оңай жетеді.

Автожол өткелінің ашылуымен Жұмысшы кентіндегі өмір жандана түскендей. Көлік көбейген. Тұрғындар атқарылған іске оң бағаларын беруде.Автожол өткеліне мердігер 3 жыл жауапты. Яғни, құрылыс жүргізген компания алдағы уақытта кепілдік аясында қызмет көрсетеді.

 

Байболат Култанов