Петропавл тұрғындары үшін мүлік салығын төлеу мерзімі жақындап келеді. 2025 жылға есептелген салықты азаматтар биылғы 1 қазанға дейін төлеуі тиіс. Бүгінде қала бойынша жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын есептеу жұмыстары толық аяқталды. Тиісті хабарландыру тамыздың 10-нын бастап таратылуда. Барлығы – 104 мыңнан астам салық нысаны есепке алынған. Олардың жалпы салықтық міндеттемесі 120 млн теңгеден асады.
АНДРЕЙ СОХА, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:
Салық көлемін банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, сол арқылы төлем жасауға болады. Сондай-ақ, Қазпошта бөлімшелері мен екінші деңгейлі банктердің кассаларында да төлем қабылданады. Салық сомасы белгіленген мерзімде аударылмаған жағдайда өсімпұл қосылады. Оның көлемі күніне 1,25 пайызды құрайды.
Мүлік салығы жер учаскесі, тұрғын үй, саяжай немесе гараж орналасқан жер учаскесіне иелік ететін азаматтарға салынады. Өңірде мүлкі көп азаматтар бар. Мәселен, бір петропавлдықтың атына 20-ға жуық пәтер тіркелген. Салық төлемеген азаматтарға мамандар берешегінің бар-жоғын тексеруге кеңес береді.
АНДРЕЙ СОХА, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:
– Қалада жалғыз тұратын зейнеткерлер бар. Оларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Осыған байланысты түрлі сұрақтар туындап жатады. Кейбір азаматтар қандай салық үшін және қанша төлеу керектігін білмеуі мүмкін. Қазір түбіртек пен хабарламалар қағаз түрінде берілмейді. Барлық ақпарат цифрландырылып, салық туралы мәліметтер мобильді қосымша арқылы келеді. Салық төлеуші есептелген соманың қай мекенжайға қатысты екенін нақтылағысы келсе, Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгіне алады.
Мамандар ескертуді елемей, салық төлеуден жалтарған азаматтардың шоты бұғатталып, елден шығуға тыйым салынатындығын айтты.
Аружан Султанова

