Петропавлда желаяқтардың қатысуымен марафон және ультрамарафон ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттайтын шара Солтүстік Қазақстан облысы мен Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылының 90 жылдығына және Амантай Елпанұлының рухына арналды. Қасиетті мекенде өмірге келген азамат өңірдің дамуына үлес қосты, саналы ұрпақ тәрбиеледі. Марафон және ультрамарафон – ондаған шақырымнан тұратын сайыс. Мұнда мықтылардың мықтысы ғана шыдас береді.
БОЛАТ АМАНТАЙҰЛЫ, ұйымдастырушы:
– Былтыр достарыммен 42,2 шақырымды жүгіріп өттік. Марафонды әкемнің рухына бағыштадық. Биыл екінші рет өткелі отыр. 5 жігіт 42,2 шақырымға жүгіреді, ал 4 адам 80 шақырымды бағындырады. Әкем биыл 80 жасқа толу керек еді, 80 шақырымды осыған арнап отырмыз.
Сайысқа өзге де қалалардан келген спортшылар қатысты. Олар беделді додаларда бақ сынап жүр. Жүгіруді жанына серік еткен азаматтар «Дені саудың – жаны сау» деген ұстанымда.
ӘСЕТ ТӨЛТЕБАЕВ, ультрамарафонға қатысушы, Астана қаласы:
– Адамдарды алыс қашықтыққа жүгіруге дайындаймын. Бүгін 80 шақырымды бағындырамыз. Осылайша қайсарлық, қайтпастық қасиетті көрсетеміз.
Желаяқтар таңғы 6-ға таяғанда белгіленген қашықтықты бағындыруға кірісті. Күшті бірден сарқуға болмайды. Мұнда да есеп керек. 42,2 шақырымға жүгірген марафоншылардың алды 4 жарым сағатта мәреге жетті. Ал ультрамарафоншылар түс ауа сайысты аяқтады.
Байболат Култанов

