МТРА жаңалықтары

Петропавлда бірыңғай бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Петропавлдың орталық алаңында жұмыс іздеген жастар мен маман іздеген жандар бас қосты. Бірыңғай бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне 30-дан астам кәсіпорын мен мекеме өкілдері қатысты. Ауқымды шара бір күнде облыс орталығымен қатар 13 ауданда ұйымдастырылып, 800-ге жуық адамды қамтыды.

АЙНҰР СӘРСЕНБАЕВА, облыстық жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы:
– Іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – жастарды жұмыспен қамтуға көмектесу және оларға кәсіби бағыт-бағдар беру. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес ала алады. Сонымен қатар, тренингтер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат ұсынылады.

Бүгінде еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Әсіресе, білікті мамандар өндіріс пен энергетика саласына аса қажет. Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындар қатарында осы бағыттағы вакансиялар да бар. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – “СевКазЭнерго” компаниясы да кадр іздеп отыр.

ЕЛЕНА КИРИЯТОВА, “СевКазЭнерго” АҚ оқыту және дамыту жөніндегі бас менеджері:
– Қазір кәсіпорынға инженерлік-техникалық бағыттағы мамандар қажет. Негізгі сұраныс – энергетиктер, электрослесарьлар және жылу техниктері. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ мамандарды да жұмысқа қабылдаймыз. Оларды арнайы оқыту жүйесі аясында дайындап аламыз.

Бүгінгі жәрмеңкеге келген жастардың ой-пікірін біліп, қандай жұмыс іздеп жүргендерін сұрадық. Жәрмеңкеде жұмыс іздеп жүргендердің дені – жастар. 1 тамыздағы мәлімет бойынша, облыстық Жастар ресурстық орталығына осы себеппен 800-ден астам адам жүгінген. Олардың жартысынан көбіне тиісті көмек көрсетіліпті.

Жансая Дербисова