Kurultai banner mobile

Қоғам

Өкпе обыры: СҚО-да 506 адам диспансерлік есепте тұр

Облыста жуырда өкпе туралы хабардарлық апталығы өтті. Шара аясында жоғары қауіп тобына жататын пациенттер алдын ала жазылып, мамандардың кеңесін тыңдады. Сонымен қатар, жерлестеріміз төмен дозалы компьютерлік томографиядан тексерістен өтуге мүмкіндік алды. Жалпы, іс-шара қорытындысы бойынша қатерлі ісіктің 2 жағдайы тіркелген. Ізінше мамандар тағы бір профилактикалық шара ұйымдастырған. Оның барысында дерт тағы екі адамнан анықталыпты.

РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, СҚО онкологиялық орталығының дәрігер-хирургі:
– Хабарларлық апталық аясында төмен дозалы компьютерлік томографиядан 61 адам өтті. Нәтижесінде өкпе обырының 2 дерегі, өзге ауру түрінің 29 фактісі анықталды. Ал “Ашық есік күні” шарасында қолында зерттеу нәтижесі бар жандар торакалдық хирургтің қабылдауына келді. Бұл күні тағы да екі адамнан қатерлі ісік табылды. Науқастар – 50 жастан асқан азаматтар. Өкінішке қарай, өкпе обыры жасарып барады. Аталған дерт 45, 37, тіпті 30 жастағы жандардың арасында кездеседі. Сондықтан, адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексеруден өтіп тұру қажет.

Өкпе обыры бойынша облыстағы статистика да алаңдатарлық күйде. Былтыр облыста есепке 224 науқас жаңадан қойылған. Сол кезеңде қатерлі ісіктен 102 адам қайтыс болды. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айында өкпе обыры диагнозы 116 адамда анықталған. Осы кезеңде 61 адам көз жұмған. Қазіргі таңда диспансерлік есепте 506 пациент тұр.

РАФАЭЛЬ РИЗАЕВ, СҚО онкологиялық орталығының дәрігер-хирургі:
– Тәуекел тобына, ең алдымен, темекі шегетін адамдар жатады. Сонымен қатар, созылмалы өкпе аурулары бар пациенттер де бақылауда болуы тиіс. Зиянды өндірісте, зауыттарда, шахталарда жұмыс істейтін азаматтардың ондай індетке ұшырау ықтималдылығы жоғары. Дегенмен, өкпе обыры тек темекі шегетін адамдарда ғана кездеседі деп топшылау қате. Себебі, кейде темекі шекпейтін, зиянды әдеттері жоқ, өкпесіне шағымы болмаған жандар да қатерлі дерте шалдығып қалып жатады.

Айта кетейік, Қазақстанда өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы аясында елімізде 1 300-ге жуық адам онколог дәрігерлердің кеңесін алды. Олардың 900-ден астамы кеуде қуысы ағзаларына төмен дозалы компьютерлік томографиядан өтті.

Улан Ыдырыс