Петропавлда жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған “Заңмен 24 сағат” атты квест ойыны өтті. Шара “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Ең алдымен қатысушылар 4 топқа бөлініп, өздерін таныстырды. Кейін оларға ұйымдастырушылар ойын тәртібін түсіндірді.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Қатысушыларға арнап 4 бекет дайындадық. Оның әрқайсысында жастардың құқықтық сауаты, логикалық ойлауы мен топпен жұмыс істеу қабілеті сыналады. Шара аяқталғаннан кейін жауап парағын тексеріп, жеңімпазды анықтаймыз. Белсенді ұл-қыздарды бағалы сыйлықтар күтіп тұр. Түсіндірме жұмыстарына қарағанда осы сияқты интерактивті шаралар арқылы жастарға көп дүние үйрете аламыз.
Бірінші бекетте қатысушылар полиция формасын белгіленген талаптарға сай әрі ретімен кию қажет. Уақытқа да ерекше мән беріледі. Ал келесі станцияда жастар “Заң және Тәртіп” тақырыбында түрлі сурет салуы тиіс. Бұл кезеңде жұмыстың мазмұны мен әсемдігіне баса назар аударылды. Жастар қалған екі бекетте құқықбұзушылық пен денсаулық тақырыптарында тапсырмалар орындады. Сонымен қатар, өздерін бір сәт судья ретінде сезініп, сот процесін жүргізді. Ұл-қыздардың қарқыны жаман емес. Ең бастысы шара олардың көңілінен шықты.
– Біздің топқа шарада нашақорлық пен есірткі қылмысына байланысты сұрақтар қойылды. Алдын алу мен қорғану жолдары сұралды. Тапсырмалардың барлығын дұрыс орындадық. Сайыста топ жаруға бар күшімізді саламыз.
Айта кету керек, ұйымдастырушылар бір аптадан кейін тағы осы сияқты шара өткізуді жоспарлап отыр. Аталған сайысқа аудандардан балалар шақыртылмақ.
Нурасыл Ахмет

