Kurultai banner mobile

Қоғам

Президент тапсырмасының СҚО-да орындалуы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруда. Бәріміз білетіндей, қайтарылған қаражат халықтың аса қажетті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталуда. Жіпке тізсек, осы қаржы есебінен сумен жабдықтау жүйелері салынып, жаңғыртылуда, мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, спорт нысандары және көлік инфрақұрылымы тұрғызылуда.

– Бүгінде Қазақстанға негізінен ақшалай нысанда 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды. Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды дамыту қажет өңірлердегі нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Қайтарылған қаражат Арнаулы мемлекеттік қор арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуда. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде жалпы сомасы 617,7 млрд теңгеден асатын 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданды.

Өңірімізде атқарылған, атқарылып жатқан жұмысқа тоқталайық. Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 14,9 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Нәтижесінде Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша және Шал ақын ауданының 30-дан астам ауылы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Петропавлда жаңа мектеп және 280 орындық балабақша ашылды.

– Арнайы экономикалық аймақтарды дамыту шеңберінде қайтарылған қаражат жаңа өндірістерді іске қосу үшін алаңдарды қажетті энергетикалық және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталады. Солтүстік Қазақстан облысында жаңа зауыттарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін кірме автожолдар, жылумен жабдықтау және телефондандыру желілері, сондай-ақ магистральдық суағар кәрізі салынуда.

Үкімет сайтында жазылғандай, активтерді қайтару жөніндегі бірлескен жұмыс нақты әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартады, өңірлердің дамуына қарқын қосады.

Байболат Култанов