Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда балаларға арналған “ЭтноDAY” іс-шарасы өтті

Әр халықтың өзіндік салт-дәстүрі, ұлттық ойыны мен мәдениеті бар. Оны танып-білу өзге ұлтқа деген құрметті арттырып, достық пен өзара түсіністікті нығайтады. Осы мақсатта Петропавлдағы Достық үйінде “Қоғамдық келісім” ұйымының мұрындық болуымен “ЭтноDAY” мәдени-танымдық іс-шарасы өтті. Оған этномәдени бірлестік өкілдері, демеушілік танытқан “Жомарт жан” орталығының мүшелері, балалар мен олардың ата-аналары қатысты.

ДИНАРА АХМЕТОВА, “Қоғамдық келісім” КММ бөлім басшысы:
– Біз алғаш рет түрлі этнос өкілдерінің балаларына арнап “ЭтноDAY” жобасын өткізіп отырмыз. Бұл жерде ұлттық ойындар ойналады. Осы арқылы ұлттардың салт-дәстүрін танытқымыз келеді. Іс-шараға 50-ге жуық бала мен олардың ата-аналары қатысуда. Қатысушыларға барлығы ұнайды деп ойлаймын.

Балалар үшін ұйымдастырылған ойынның бірі – ұлттық аспаптар бейнеленген пазлдарды құрастыру. Әр пазлда қазақ, орыс, украин және татар халқының музыкалық аспаптары көрсетілді. Қатысушылардың міндеті – бөлшектерді дұрыс орналастырып, суретті толық құру. Осы арқылы балалар таным көкжиегін кеңейтеді, мәдениет пен өнерге қызығушылықтары артады.

ДЕНИС СЫРОВ, қатысушы:
– Іс-шара барысында түрлі ұлттық ойындарға қатыстым. Балалармен пазл құрастырдық. Көзге түскеніміз үшін ойын-сауық саябағына билет сыйлады. Маған бәрі ұнады, уақытты көңілді әрі тиімді өткіздім.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, “ЭтноDAY” жобасын алдағы уақытта да өткізу жоспарланып отыр. Ал келер жылы балаларды жазғы сауықтыру лагерлерінде жинау көзделген. Мұндай бастамалар жасөспірімдердің бос уақытты тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, өзара түсіністік пен достықты нығайтуға бағытталған.

 

Жансая Дербисова