Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда 100-ден астам балаға оқу құралдары табысталды

Петропавл қалалық мешітінде “Мектепке жол” акциясы аясында кезекті қайырымдылық шарасы өтті. Бүгін 100-ден астам оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары табысталды.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, СҚО бас имамы:
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, “Зекет” қорының ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облысында кезекті “Мектепке жол” акциясы өз мәресіне жетті. Дәстүрлі іс-шара аясында биыл өңірде 250 оқушы оқуға қажетті құрал-жабдықтармен және сөмкелермен қамтамасыз етілді.

Өңіріміздің бас имамының сөзінше, аталмыш қайырымдылық іс-шарасы тек облыс орталығында ғана емес аудан орталықтары мен ауылдарда да өтті.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, СҚО бам имамы:

– Бұл акция ауылдарда да жүріп жатыр. Мысалы, бұған дейін Уәлихан, Жамбыл аудандарында қайырымдылық іс-шарасы өтті. Бұл шараны ұйымдастырушы мешіт имамдары болғанымен де қайырымдылыққа қажетті қаражат пен керек жабдықтарды өңір тұрғындары әкеледі.

Петропавл қалалық мешітінде өткен іс-шараға Анар Даниярова да қатысуда. Көпбалалы ана бүгінде 4 қыз тәрбилеп отыр. Қала тұрғыны барлық ұйымдастырушылар мен қайырымды жандарға алғысын білдірді.

АНАР ДАНИЯРОВА, көпбалалы ана:
– 4 қызым мектепке барады. Олар әл-Фараби мектеп-лицейінде білім алады. Бүгінгі іс-шараға 2 қызыммен ғана келдім, қалған 2-еуі ауылда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен “Зекет” қорының ұйымдастыруымен өтетін “Мектепке жол” қайырымдылық акциясы он жылдан астам уақыт бойы еліміздегі мектеп жасындағы балаларға қолдау көрсетіп келеді. Айта кетейік, өткен жылы аталмыш акция аясында еліміз бойынша 25 мыңнан астам бала оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

Улан Ыдырыс