Өңірде кезекті “Құқықтық дәріхана” акциясы өтті. Шара барысында құқық қорғау органдарының көмегіне 130-дан астам адам жүгінген. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын ер адам прокурорларға көршісінің бейнебақылау камерасы үйінің ауласын да түсіретінін жеткізді. Тұрғын бұны қаламайды. Қадағалау органының өкілдері оған қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жеке өмірге араласу арасындағы айырмашылықты түсіндірді. Ал айыртаулық азаматша болса шенділерге мессенджерлердің бірінде оның келісімінсіз жеке деректері таратылғанын айтқан. Кездесуде мамандар нәзікжандыға дербес деректермен жұмыс істеудің негізгі ережелерін айтып берді. Акция барысында Қызылжар ауданы прокуратурасының қызметкерлеріне жас жігіт хабарласып, маңызды құжатын жоғалтқанын жеткізген. Өз ретінде прокурорлар оған құжатты қалпына келтіру тәртібі мен сақтық шараларын түсіндірді. Айта кету қажет, қадағалау органының өкілдері жыл басынан бері акция аясында 2 жарым мыңнан астам адам қабылдаған.
Нурасыл Ахмет