Қоғам

Петропавлда полицей өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарды

Петропавлда отбасылық жанжал қайғылы жағдайға айнала жаздады. Облыстық ПД бастығының орынбасары өзіне қол жұмсамақ болған петропавлдық ер адамды аман алып қалды. Жайсыз жайт жуырда түнде болған. Батыр Баян көшесінің бойында қолында қос пышағы бар ер адам әйелді аңдыған. Бұны байқаған қала тұрғындары дереу тәртіп сақшыларына хабарласқан. Оқиға орнына патрульдік полиция, жедел қимылдайтын арнайы жасақ, сондай-ақ медицина мамандары келеді. Осы кезде ер адам қос пышақты қолына алып, оның бірін ішіне, ал екіншісін тамағына тақап, өзіне қол жұмсайтынын мәлімдеген. Осылайша күрделі жағдай орын алады. Сол сәтте оқиға орнына ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин де келеді. Ол дереу қолына пышақ ұстаған жанмен диалог құруға тырысады. Қала тұрғыны оны жанына жақындатпай суық қаруды тапсыруға үзілді-кесілді қарсы болады.

АБЫЛҒАЗЫ ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:
– Тергеу тобымен бірге Батыр Баян көшесіне шықтық. Ер азамат пышағымен әйелін қуып жүр деді.

Тексеріс барысында анықталғандай қала тұрғыны 41 жаста, бұрын сотталған. Бұдан бөлек ол әкімшілік қадағалауда екен. Оған сағат 22:00-ден кейін үйден тыс жерде жүруге тыйым салынған. Қазір ер адам қамауда отыр. Ұсақ бұзақылық және полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау фактілері бойынша материалдар жинақталған.

Улан Ыдырыс