Елімізде алғаш қолға алынған бастама! Солтүстік Қазақстан облысы 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында шетелдік асыл тұқымды мал басын іріктеуге кірісті. Бұл шаруалардың өндіріс көлемін ұлғайтуға, мал табынының генетикалық әлеуетін жаңартуға және саланың өнімділігін арттыруға бағытталған нақты жоба саналады.
Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Мал өсірушілер одағының басшысы Дәурен Салықов және кәсіпкерлерден құралған делегация мүшелері Австралияның мал шаруашылығы кәсіпорындарын аралады.
– Делегация мүшелері мал басын қарап, алдын ала іріктеу жүргізді. Малдың асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттері, тұқымдық ерекшеліктері, жасы, тірілей салмағы, денсаулық жағдайы, сыртқы бітімі, сондай-ақ болашақ табынның өнімділігі мен өсімталдық қасиеттерін айқындайтын басқа да көрсеткіштері назарға алынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Сонымен қатар, мал басының құны, ветеринариялық талаптар, карантиндік рәсімдер, логистика және жеткізу мерзімдері бойынша мәселелер пысықталды. Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге малды қолжетімділігіне қарай ғана емес, оның сапасын, генетикалық әлеуетін және жобаның экономикалық тиімділігін ескере отырып таңдауға мүмкіндік береді.
– Еске сала кетейік, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар саланы ауқымды дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа өндірістік жобаларды іске қосуды көздейді. Бұл жолда шаруашылықтарды кеңейтуге, асыл тұқымды мал сатып алуға және заманауи өндірістік базаны қалыптастыруға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге инвестиция салуға мүмкіндік беретін жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері маңызды рөл атқарады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Қоса кеткен жөн, 2026 жылғы қыркүйек-қазан айларында өңірге 2 мыңнан астам ірі қара және 4 мыңнан астам ұсақ мал басын әкелу жоспарланып отыр.
Байболат Култанов