Қоғам

“Мектепке жол”: 8 мыңға жуық өтініш бойынша 389,2 млн теңге төлем жүргізілді

 ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

– Жаңа оқу жылының басталуына аз қалды. Солтүстік Қазақстан облысындағы білім беру ұйымдарында соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ал кеше Үкімет отырысында елдегі мектептердің алдағы кезеңге әзірлігі қаралды. 1 қыркүйекте республика бойынша 47 жаңа мектеп есігін айқара ашады. Оның 20-сы “Келешек мектептері” жобасы аясында бой көтерген. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тағы 64 білім ордасының құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал теріскейдегі білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы қалай?.

Қазіргі таңда өңірде 439 мектеп бар. Оның 36-сы облыс орталығында орналасқан. Ағымдағы жылы теріскейде 14 білім беру ошағында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2,1 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, реновация бағдарламасы аясында тағы 6 нысанда жөндеу жүргізілуде. Барлық жұмыстар оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс. Биыл өңірде 73 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылына дайындық барысында оқушыларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы, еліміз бойынша мемлекеттен қолдауға мұқтаж 400 мыңнан астам балаға көмек көрсету көзделген. Үкімет басшысы бұл бағытта өңір әкімдеріне нақты тапсырма берді.


ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
– Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін. Мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық отбасыларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Ол үшін жергілікті бюджеттерде қажетті қаражат көзделген. Бұл 400 мыңнан астам балаға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Өңір әкімдеріне көмектің шын мәнінде мұқтаж жандарға берілуін қамтамасыз етіп, әрбір нақты жағдай бойынша уақтылы шаралар қабылдауды тапсырамын.

Биыл өңірде “Мектепке жол” акциясы аясында көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына жүз пайыз қолдау көрсету жоспарланған. Көмек бірнеше санаттағы балаларға беріледі.

ӘСЕЛ ОРАЗБАЕВА, СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы:
– Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, сондай-ақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары бар. Бұдан бөлек, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отбасылардың балаларына да қолдау көрсетіледі. 2026 жылы бір балаға берілетін бір реттік төлем мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Қажетті құжаттар расталғаннан кейін қаражат ата-ананың немесе заңды өкілдің банк шотына аударылады.

Айта кетейік, бүгінде облыста ата-аналардың өтініштері мен қажетті құжаттардың расталуына сәйкес 8 мыңға жуық өтініш бойынша төлем жүргізілген. Оның жалпы сомасы 389,2 млн теңгені құрайды. Бұдан бөлек акция аясында демеушілердің қолдауы да айрықша маңызға ие. Биыл солтүстікқазақстандық мейірімді жандардың арқасында 332 балаға 2 млн 715 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Улан Ыдырыс