Қоғам

Аймақ басшысы Петропавлдағы құрылыс алаңдарын аралады

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы құрылыс алаңдарын аралады. Аймақ басшысы ең алдымен Сүтішев және Алтынсарин көшелерімен өтетін №8 жылу магистралындағы күрделі жөндеу жұмысымен танысты. 150-ден астам баспананы жылумен қамтып отырған желі 90 пайызға тозған. 2027 жылы бұл олқылықтың орны толып, құбырлары толықтай ауыстырылады. Қазіргі таңда Қазақстан Конституциясы көшесін қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда. Оның аясында бас көше бойындағы барлық баспаналар жылуұстағыш материалдармен қапталып жатыр.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Барлығы 8 көпқабатты баспананың сыртын жылуұстағыш материалмен қаптауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жұмыстың тең жартысы аяқталды. Айта кету керек, маңызды істің нәтижесінде тұрғындар жылуға аз қаржы төлейді. Сонымен қатар, баспаналардың келбеті әдемілене түседі. Үйлерді жылуұстағыш материалмен қаптау жұмыстары жергілікті бизнес өкілдерінің қолдауымен жүзеге асуда. Жоба құны – 400 млн теңге.

Кейін облыс әкімі Береке ықшам ауданында орналасқан №3 жылу магистралындағы күрделі жөндеу жұмысымен танысты. 121 баспананы жылумен қамтып отырған желідегі маңызды іс ендігі жылы аяқталады. Қазіргі таңда Петропавлда №2 жылу магистралі де күрделі жөндеу көруде. Ол Новая мен Алтынсарин көшесінде орналасқан. Жоба құны – 5 млрд 800 млн теңге. Маңызды іс өткен жылдың мамыр айында басталыпты.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Мердігерге бөлінген қаржы толықтай берілді. Оның 4 млрд-ын игердік. Жұмыс бақылауда. Маңызды істі келесі жылдың желтоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Кейін облыс әкімі “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің диспетчерлік пунктінде болды. Мұнда өңір жетекшісіне кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыс пен алдағы жоспар жайлы айтылды. Айта кету керек, биыл шаһардағы 1 жарым шақырым жуық жылу желісі демонтаждалып, жаңасы тартылады. Ағымдағы жылы атқарылатын іске 2 млрд теңге қаржы бөлінген.

ВИТАЛИЙ ХОЛОША, “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің директоры:
– Биыл №6 жылу магистралындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Ондағы жылу құбырларын жаңасына ауыстырдық. Алдағы уақытта №9 жылу магистралын қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Конкурс жарияладық. Мердігер анықталғаннан кейін жұмыс бірден басталады.

Алдағы жылдары облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай мұз аренасы мен әмбебап спорт кешені бой көтереді. Алғаш аталған ғимараттың жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрайды. Нысанда спортшыларымыз хоккей, шорт-трек, конькимен жүгіру және керлингпен айналыса алады.

ҒАЛЫМЖАН ЕСЕТОВ, “ВД Строй-инжиниринг” ЖШС директоры:
– Мұз аренасы екі қабатты болады. Қазіргі таңда аумақты сүру жұмыстарымен айналысып жатырмыз. 2028 жылға дейін барлық жұмыс аяқталады. Нысан болашақта әлемдік додаларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Ал әмбебеп спорт кешені болса 4 қабаттан тұрады. Болашақта жерлестеріміз мұнда 20-ға жуық жазғы спорт түрімен айналыса алады. Барлық құрылыс алаңымен танысып шыққан Ғауез Торсанұлы жауаптыларға маңызды істің сапасына баса назар аударуды тапсырды.

Нурасыл Ахмет