Бескөлде педагогтердің аудандық “Тамыз конференциясы” өтті. Шараға ауданның түкпір-түкпірінен 300-ден астам ұстаз шақырылған. Алқалы жиында өткен оқу жылы қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды. Кеңес барысында биыл ғана жұмысқа қабылданған 20-ға жуық жас маман ант қабылдады. Ант қабылдаған жастардың арасында Қанатбек Мухимтай да бар. Ол жуырда ғана Архангельское орта мектебіне жұмысқа қабылданған. Жас маман – Қозыбаев университетінің түлегі.
ҚАНАТБЕК МУХИМТАЙ, Архангелькое орта мектебінің информатика және физика пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– 8-сыныпта мұғалім болуға деген құлшынысым оянды. Балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие бергім келеді.
Қазіргі таңда ауданда 39 мектеп бар. Білім ұяларында 1400-ден астам педагог жұмыс істейді. Биыл ауданда 2 оқу орны күрделі жөндеу көрген.
АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы:
– Аудандағы мұғалімдердің 30 пайызы – жоғары категориялы ұстаздар. Ауданда 7 мыңға жуық оқушы бар. Біз ұл-қыздардың бойына ұлттық құндылықтарды, заң мен тәртіпті және тазалық мәдениетін сіңіргіміз келеді. Сонымен қатар, заман игіліктерін ұтымды пайдаланып зор жетістіктерге жеткіміз келеді. Аталған тақырыптарды бүгінгі жиында талқылаймыз.
Алқалы жиын аяқталған соң қатысушылар аудандық мәдениет үйінде қанат жайған көрмемен танысты. “Парасат” мектеп-лицейінің мұғалімі Дидар Аймұқанның волонтерлікпен айналысып жүргеніне 5 жылдан асқан. Ол осы жылдар ішіндегі жинаған тәжірибесімен бөлісу үшін және оқушыларды мейірімділікке баулу үшін “Қамқор” еріктілер клубын ашыпты.
ДИДАР АЙМҰҚАН, “Парасат” мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– Еріктілер клубының негізгі мақсаты – оқушылар арасында еріктілік мәдениетін дамыту. Волонтерлердің санын көбейту. Ұл-қыздардың қоғам өміріне белсенді қатысқанын қалаймын.
Айта кету керек, биыл ауданда 400 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттайды.
Нурасыл Ахмет