Петропавлда Отандық парламентаризмнің дамуына сүбелі үлес қосқан солтүстікқазақстандықтар марапатталды. Облыстық әкімдікте өткен салтанатты жиында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов еліміздің заңнамалық жүйесін қалыптастыруға атсалысқан халық қалаулылары мен қоғам қайраткерлеріне «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалін салтанатты түрде табыс етті. Салтанатты жиын барысында халық қалаулылары мен мемлекеттік қызмет ардагерлерінің көпжылдық еңбегі ерекше атап өтілді. Мерейтойлық төсбелгі иегерлері бұл марапатты ел игілігі үшін атқарылған ауқымды жұмыстың жоғары бағалануы деп біледі. Марапаттталғандардың қатарында әріптесіміз «Қызылжар» телеарнасының шеф-редакторы Индира Баймұхамбет те бар. Жиын соңында өңір басшысы марапат иелеріне ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіріп, мықты денсаулық пен жаңа табыстар тіледі. Мемлекеттілік пен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған мұндай іс-шаралар аға буынның еңбегін дәріптеп, жастарға өнеге көрсетуді мақсат етеді.
Аружан Султанова