ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– Қамысты көлінің жағасында, аққайыңдар арасында Қарақамыс деген ауыл бар. Жамбыл ауданына қарайды. Кезінде бұл жерде асық ойнаған балалар, көбелек қуған қыздар көп еді. Өкінішке қарай, Қазір елді мекен жабылудың сәл-ақ алдында. Дегенмен, бір жердің топырағын басып, суын ішкен жандар өзара байланысты үзбеген. Бүгін туған ауылдарының 100 жылдығын тойлау үшін арнайы жиналып отыр.
Түгін тартса майы шығатын Қарақамыс ауылының тарихы тереңде жатыр. 100 жыл ішінде елді мекенде талай перзент дүниеге келіп, талай тұлға түлеп ұшты. Олар кіндік қаны тамған, алғаш көйлек тоздырған жерді ұмытпаған. Әрдайым жүрек түпкірінде ұстайды. “Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді” деп бекер айтылмаған.
АЯШ ЖАНТЕМІРОВ, Қарақамыс ауылының тумасы, Жамбыл ауданы:
– Сырттағы ағайынның басын қосып, балалар бірін-бірі көрсін, танысын деген ниетпен той ұйымдастырдық.
Бүгінде Қарақамыста тек 8 үй қалған. Салтанатты шара барысында шаңырақтағы отты өшірмеген жандар құрмет-қошеметпен ортаға шақырылды. Олардың иығына көшіп кеткен азаматтардың атынан шапан жабылды, алғыс сөздер айтылды. Мерейтойға Жамбыл ауданының басшысы Азамат Бектасов та қатысты. Ол тойға жиналған барша халықты ауылдың 100 жылдығымен құттықтады.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:
– Құрметті жерлестер, Қарақамыс ауылының 100 жылдық мерейтойы құтты болсын. Ауылымыздың мерейі әрқашан үстем болып, берекесі арта берсін. Әр шаңыраққа амандық, зор денсаулық, молшылық пен бақ-береке тілеймін.
ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– Дәл артымда тұрған киіз үйлердің маңында халыққа арналған концерт ұйымдастырылуда. Ал мына бөлікте ерлер қауымы білек күшін сынап, асық атып, белдесіп жатыр.
Қарақамыстың жігіттері білекті екен. Жіліктерді сарт-сұрт ұрып, мықтылардың мықтысын анықтады. Палуандардың белдесуі де халықтың делебесін қоздырды. Бозкілемдегі сайысқа да мен-мен деген саңлақтар қатысты. Тойда асық атудан да сайыс өтті. Оған еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысып, ұлттық спортқа деген қызығушылықтарын көрсетті.
ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– Міне, тойымыздың ең қызықты сәтіне де келіп жеттік. Қазір дәл осы жерде бәйге басталғалы тұр. Шабандоздар сәйгүліктерін баптап, жарысқа қызу дайындалып жатыр.
Аламан бәйге басталды. Құстай ұшқан тұлпарлар, тізгін ұстаған шабандоздар көз сүйсіндірді. Жанкүйерлер әр жүйріктің алға шыққан сәтіп қызыға қарады, жарыса айтып жатты. Сайыстың қорытындысы бойынша мәре сызығын бірінші болып Бақнұр Әубәкір кесті. Ол Қостанайдан келіпті.
БАҚНҰР ӘУБӘКІР, шабандоз, Қостанай облысы:
– 9 жастан бастап атта шабамын. Қостанай облысынан келіп отырмын. Бірінші орынды жеңіп алдым.
ЕСКЕНДІР БЕЛДІБАЕВ, тұлпар иесі, Қостанай облысы:
– Мен 1997-ші жылдан бері жылқы ұстаймын. Қазір жаттықтырушымын. Шабандоз шәкірттерім бар. Нұрберген деп атайтын тұлпарым 5 жаста. Біздің шаруашылықта өсірілген. Өткенде Астана қаласындағы жарыста жеңімпаз атанды. 3 жасынан бері түрлі додаларда топ жарып жүр. Бүгін 700 мың теңгені қанжығамызға майладық.
Тойға жиналған қауымның көңіл-күйі көтеріңкі. Жұртшылық мерекелік шараның жақсы деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. Айта кетейік, кешке де ауыл тұрғындары мен қонақтарына арналып концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Өнерпаздар ән айтып, би биледі. Соңында көпшілікке арналып ас берілді.
Улан Ыдырыс