Kurultai banner mobile

Қоғам

Бірлік ауылына – 90 жыл

Бірлік ауылының мерейтойы тұрғындар үшін ерекше тартумен басталды. Әлеуметтік осал санаттағы жеті отбасы баспаналы болды. Салтанатты рәсімге Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы қатысып, жаңа үйлердің кілттерін табыстады. Қоныстой иелеріне ақжолтай тілегін білдіріп, жаңа баспаналарына береке тіледі. Қоныстойға келген қонақтар жаңа үйлерді аралап, отбасылардың қуанышына ортақтасты. Мерекелік іс-шараға Бірлік ауылының тумасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Құдайберген Қалиев те қатысты. Ол -туған ауылдың және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан ел ағасы. Мерейтойлық іс-шараға ауыл ақсақалдары мен ардагерлері, елге белгілі азаматтар және арнайы шақырылған қонақтар қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышын бірге бөлісті. Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударған Имашевтар отбасы бүгінде төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Отағасы Нұркен Имашев Бірлік негізгі мектебінде күзетші болып еңбек етсе, жұбайы Жанат Құлымбетова аспаз болып жұмыс істейді. Алты балалы отбасы үшін жаңа баспана – көптен күткен қуаныш.

НҰРКЕН ИМАШЕВ, Бірлік ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:
– Біз осыдан төрт жылдай бұрын солтүстікке қоныс аударып, Шал ақын ауданына көшіп келген едік. Аудан, ауыл халқы бізді жақсы қабылдады. Жұмыс тауып, биыл жаңа үйдің кілтін беріп отыр. Осы ретте аудан әкімдігіне және ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін. Қоныс аударып келген отбасыларға құрмет көрсетіп, жұмыс тауып, баспанамен қамтамасыз етіп, жағдайымызды жасап жатыр.

Мерейтойлық іс-шара барысында ел тарихына тағзым ету де назардан тыс қалған жоқ. Жеңіс саябағында Отан үшін от кешкен азаматтардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухтарына құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, дәл осы саябақтың жанынан ауылдың 90 жылдығына орай «Ата-бабалар» саябағы ашылды. Мерейтой аясында ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлінді. Балалар ойын алаңының жағдайы таныстырылып, ауыл балалары үшін жасалған мүмкіндіктер көрсетілді. Бұдан бөлек, Бірлік негізгі мектебіндегі спорт залы мен футбол алаңы да қонақтардың назарына ұсынылды. Жас спортшыларға волейбол және футбол доптары, сондай-ақ қажетті спорттық құрал-жабдықтар табысталды.

ИРИНА КАРЛЫХАНОВА, жаттықтырушы, Шал ақын ауданы:
– Ауылдарымызда осындай спорттық нысандардың бой көтеріп жатқанына қуаныштымыз. Ауылымызда балалардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалып келеді. Мұндай нысандар жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Бірлік ауылының 90 жылдық мерейтойы – елді мекеннің өткеніне тағзым етіп, бүгінгі жетістігін бағамдап, болашағына бағыт-бағдар айқындаған маңызды іс-шара болды. Тарихы тағылымға толы ауылдың өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Нурасыл Ахмет