Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында елді мекеннің 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Бірлік ауылының мерейтойы Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өңірмен түйдей құрдас ауыл облыспен бірге қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтті. Бірліктің тарихы – қайсарлықтың, жасампаз еңбектің және туған жерге деген адалдықтың тағылымды шежіресі.
Бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен туған жерге жанашыр азаматтардың қолдауының арқасында ауыл қарқынды дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артып келеді. Мұнда жаңа тұрғын үйлер салынып, саябақ абаттандырылды, заманауи балалар ойын алаңы мен футбол алаңы бой көтерді. Қазіргі уақытта спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, табиғи «Бұлақ» көзі қалпына келтірілді.
Бірлік ауылы елге көптеген абыройлы азаматтарды түлетіп ұшырды. Олардың қатарында Құдайберген Қалиев, Ерік Сұлтанов, Асқар Игібаев, Дастан Баймұқанов, Марат Қойшин және Мейрам Сексенбаев бар. Олардың өнегелі өмір жолы, ел игілігі жолындағы еңбегі мен туған жерге деген жанашырлығы өскелең ұрпаққа үлгі.
Өңір басшысы туған ауылымен байланысын үзбей, оның тыныс-тіршілігіне белсене араласып, жерлестері үшін маңызды бастамаларға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан Құдайберген Қалиевке айрықша ризашылығын білдірді.
Ғауез Нұрмұхамбетов Бірлік ауылының тұрғындары мен барша тумаларын айтулы мерейтоймен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, бақ-береке мен молшылық тіледі.

