Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда педагогтердің облыстық Тамыз конференциясы өтті

Петропавлда педагогтердің облыстық Тамыз конференциясы өтті. Дәстүрлі жиынға «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбы арқау болды. Облыстағы білім беру ұйымдарын цифрландыру жұмысы соңғы жылдары белсенді жүргізіліп жатыр. Жасанды интеллект, IT-технологияларды салаға енгізу арқылы біраз жетістікке жетуге болады. Шараға арнайы келген Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің кеңесшісі Нұрлан Қиясов конференцияға келген ұстаздарға осыны айтып өтті.

НҰРЛАН ҚИЯСОВ, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің кеңесшісі:
– Жасанды интеллектіні ұдайы қолдансақ, ұстаздардың жұмысы жеңілдейді. Сонымен қатар, оқушылар сабақты тез үйренеді. Бірақ, барлық жұмыста заман игіліктерін қолданған да дұрыс емес. Қазіргі таңда біз педагогтерге арналған оқыту курстарын жиі өткізіп жатырмыз. Берілген мүмкіндікті жіберіп алмауларыңызды сұраймын.

Кеңеске өңіріміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам педагог шақырылған. Шарада өткен жыл қорытындыланды, алдағы оқу жылына жоспар құрылды. Ұстаздарды қоғамдық жұмыстарға тартпау сынды өзекті мәселелер де талқыланды. Бүгінгі таңда сала өкілдерінің алдында тек білім беру ғана емес, адамгершілік, азаматтық жауапкершілік пен заңға құрметпен қарайтын баланы тәрбиелеу тұр. Бұл – «Адал Азамат» бағдарламасының басты мақсаты. Тың бастаманы жүйелі жүзеге асыруға ардагер ұстаз Жангелді Тәжин зор үлес қосып жүр.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, білім беру саласының ардагері:
– Мектептерде «Адал азамат» бағдарламасы бар. Ол Тәуелсіздік, отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық құндылықтарына сәйкес мақсатты түрде жоспарланып өткізілуде. Бүгінгі конференция барысында өскелен ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп жатқан ұстаздар еңбегінің куәсі болдық.

Ағымдағы жылы облыстың білім беру саласын дамытуға 162,9 миллиард теңге бағытталды. Бұл жалпы бюджеттің 32,4 пайызын құрайды. “Бұл жай ғана қаржы емес – өңірдің болашағына, балаларымыздың зияткерлік әлеуетіне және облыстың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға салынған инвестиция”, – деп атап өтті облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылатын күн де жақын. Бұл күн мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін білім әлеміне бастар жаңа жолдың бастауы болса, түлектер үшін болашақ мамандығын айқындайтын жауапты кезең болмақ. Ал ұстаздар қауымы үшін – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы мәртебелі міндеттің жалғасы.

Алқалы кеңес соңында “Үздік орта білім беру ұйымы” байқауының қорытындысы шығарылды. Сайысқа қатысуға өңірдегі барлық білім ұясы өтінім берген. Жеңімпаз – ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернаты. Жетістіктерімен, атқарылған жұмыспен ерекшеленген мекемеге 68 млн теңгенің сертификаты табысталды.

СВЕТЛАНА ШӘУКЕРОВА, ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының директоры:
– Байқауда соңғы 3 жылда атқарған жұмысымызды ұсындық. Бұл – мектеп ұжымының, оқушылар мен ата-аналардың ортақ жеңісі.

Сала өкілдері – нағыз батырлар. Олар тарыдай болып кірген әр баланы таудай қылып шығарады. Әрқайсысы құрметке лайық. Алқалы жиында 30-ға жуық педагог түрлі марапатқа ие болды. Шара аясында қатысушылар Оқушылар сарайының 1-ші қабатында қанат жайған көрмемен де танысу мүмкіндігін иеленді. Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 12 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.

Нурасыл Ахмет