Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда алаяқтардың сыбайласы болған астаналық 3 жылға сотталды

Облыс орталығында алаяқтардың сыбайласы болған 20 жастағы астаналыққа қатысты сот үкімі шықты. Ол Telegram мессенджеріндегі «жеңіл жұмыс» туралы хабарландыру бойынша Петропавлға келген. Оқиға желісіне тоқталайық, айлакерлер егде жастағы адамдарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, туыстарының жол-көлік оқиғасына себепші екенін айтқан. Қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін жақындары ақша беру қажет деп сендірген. Нәтижесінде 3 адам қулардың құрығына түсіп, қаржыны қолма-қол жіберуге келіскен. Жәбірленушілер қомақты қаражатты такси жүргізушілері арқылы “сәлемдеме” түрінде берген. Соны қабылдап, кейін келесі “курьерге” жеткізу үшін айлакерлерге сыбайлас қажет болған. Осы рөлді елордалық атқарыпты. Ол өткен жылдың қыркүйегінде ақшаны қабылдап, алдын ала белгіленген жерлерге, яғни, бұталардың арасына және қоқыс жәшігіне жасырған. Көп ұзамай жас астаналық ұсталды. Тергеу барысында жиналған материалдар “жәрдем көрсетушінің” кінәсін сотта дәлелдеуге негіз болды. Күдікті 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған тұрғындарға келтірілген 3 млн теңге шығынды өтеу міндеті жүктелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

 

 

Нурасыл Ахмет