Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавл-Көкшетау бағытындағы тасжол жөнделуде

Петропавл мен Көкшетауды байланыстыратын тасжол арқылы күн сайын жүздеген көлік өтеді. Ауыры бар, жеңілі бар. Темір тұлпарлар ми қайнатар бүгінгідей ыстықта жолдың сапасына әсер етпей қоймайды. Бескөлден әрі қарай ой-шұқырлар жиілеп кетті. Сала мамандары талдау жұмыстарын жүргізген екен. Сонда 68 шақырымның аса тозғандығы анықталыпты. Қазір осы қашықтық жөнделіп жатыр.

ЕРЛАН ЖҰМАҒҰЛОВ, “Қазавтожол” ҰК” АҚ СҚО филиалы директорының орынбасары:
– Бұған дейін Бескөлмен байланыстыратын жолды жөндедік, қазір автобус аялдамаларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша 12 автобус күту орны қойылады. Оның 2-еуі жылытылатын нұсқа болмақ. Жоспардағы жұмыстар біртіндеп орындалуда. Бұл алдағы уақытта “Астана-Көкшетау-Петропавл” бағытындағы автожолды бірінші техникалық санатқа ауыстыруға мүмкіндік береді.

Жөндеу жұмыстары 2 жыл ішінде кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Биылғы жоспар күзде аяқталып, жол қолданысқа беріледі. Ал келесі жылы көзделген 142 шақырымның қалғаны қалыпқа келтіріледі.

ӘДІЛ БАЙМҰҚАНОВ, “Қызылжар жолдары КЗ” ЖШС учаске бастығы:
-Жөндеу жұмыстарына 50 арнайы техника мен 80 жұмысшы тартылған. Қазір жолға қалыңдығы 5 сантиметр болатын асфальтбетон төселіп жатыр. Алдымен ескі жолдың жоғары қабатын алып тастадық. Оның орнын жаңасы басады.

Мамандардың сөзінше, соңғы рет 2015 жылы қалыпқа келтірілген жолды жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сапа едәуір жақсаратын болады. Сонымен қатар, Тайынша ауданындағы Драгомировка ауылының маңында көліктердің салмағын автоматты түрде өлшеу жүйесі орнатылады.

Улан Ыдырыс