Kurultai banner mobile

Қоғам

Ауыл шаруашылығы техникасының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу

Егін жинау науқаны кезінде облыс жолдарында тракторлар, комбайндар мен жүк көліктерінің саны көбейеді. Тиісінше, жол-көлік оқиғаларының болу қаупі де артады. Мәселен, кеше «Жезқазған – Петропавл» автожолында «МТЗ-80» тракторы мен «Chevrolet» автокөлігі соқтығысып, соңғы аталған машинаның екі жолаушысы зардап шекті. Осы сияқты жайсыз жайттардың алдын алу мақсатында полицейлер көлік қозғалысы көп учаскелерде профилактикалық рейдтер өткізуде. Құқық қорғау органдарының өкілдері ауыл шаруашылығы техникалары мен жүк көліктерінің жүргізушілеріне қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Рейд барысында габаритті техникаларды тасымалдаған көліктерге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, шенділер астық тасымалдап жүрген техниканың рөлін тізгіндеп жүрген жандарға учаскелерде белгіленген жылдамдықты, арақашықтықты және бүйірлік интервалды сақтау қажеттігін ескертті.

САЯТ ДҮЙСЕНБИН, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі:
– Астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Жүкті басқа да жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндірмейтін етіп берік орналастыру керек.

Полицейлер агроқұрылым басшыларынан техниканың жарамдылығын алдын ала тексеріп, астықты барлық талаптарды сақтай отырып тасымалдауды сұрайды.

Нурасыл Ахмет