Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында 7 саяси партияның облыстық филиалдары ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Апта басынан “Әділет” партиясының өкілдері Есіл және Тимирязев аудандарының тұрғындарымен және бірнеше кәсіпорынның қызметкерлерімен кездесті. Оның барысында жол мен байланысқа қатысты мәселелер көтеріліпті. “Қазақстан халық партиясы” болса, аймақтың түкпір-түкпірінде 6 шара өткізген. 5600-ден астам тұрғынға ақпараттық жаднама таратқан. Ал “Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының” белсенділері Мағжан Жұмабаев ауданына барды. 3 ауылдың халқымен тілдесіп, сайлауалды бағдарлама жайлы түсіндірген. “Ауыл” партиясының белсенділері Шал ақын ауданының еңбек ұжымдарымен кездесіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, 300-ден астам ақпараттық материал таратқан. Ақжолдықтар Петропавлдағы білім ұялары мен медициналық мекемелерді аралаған. Жүздесулерде көтерілген әр мәселе назарға алынды. “Respublica” партиясының өкілдері болса, 1 апта ішінде 4 кәсіпорынды аралап, жұмысшыларымен сөйлесті. Жиында кәсіпкерлік, экономика тақырыбында әңгіме өрбіп, еңбек адамдарының құқығы жайлы да сөз болды. “Байтақ” партиясының мүшелері шаһардағы №3 және №28 мектепке барыпты. Белсенділер білім ұяларының қызметкерлерін сайлауға қатысуға шақырды.
Нурасыл Ахмет

