Kurultai banner mobile

Қоғам

“Жайлылық градусы” жобасының қорытындысы шығарылды

“Qyzylzhar” креатив орталығында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, “Жайлылық градусы” жобасының қорытындысы шығарылды. Аталған бастама ақпан айынан бері жүзеге асырылды. Ол үшін Еуропалық Одақтан грант бөлінді. Ақшаға қаламыздағы Театр көшесі, 47 мекенжайындағы көпқабатты үй жаңғыртылды. Бөлінген қаражаттың көлемі – 10 мың еуро. Оған 7 подъездегі кіреберіс есік ауыстырылды. Бұл тұрғындарды ортақ іспен айналысуға итермеледі.

ЗУЛЬФИЯ ТУХВАТУЛИНА, «GROW KZ» қоғамдық қорының төрағасы:
– Тұрғындар өз қаражаттары есебінен кіреберістерге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Орта есеппен әр пәтерден жаңғырту жұмыстарына 50–60 мың теңге жиналды. Жобаның негізгі мақсаты – адамдар азаматтық белсенділік танытып, бірігіп, өздері тұратын ортаны жайлы етуге үлес қоса алатынын көрсету. Жоба шамамен жарты жылға созылды. Бүгінгі кездесу оның қорытынды кезеңі болып отыр, қатысушылар атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен және бастаманы жүзеге асыру тәжірибесімен бөліседі.

Бүгінгі іс-шараға Театр көшесі, 47 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің пәтер иелері кооперативі төрағасы да қатысты. Оның сөзінше, арнайы конкурсқа қатысуға тұрғындардың барлығы келісім берген. Соның нәтижесінде үйге кіреберіс аймақ пен есіктер адам танымастай өзгеріп отыр.

ЛЮДМИЛА ШИЛКИНА, ПИК төрағасы:
– Мен пәтер иелері кооперативі төрағасы болып 2000 жылдан бері жұмыс істеп келемін, яғни бұл салада жүргеніме көп болды. Біз осындай жоба бар екенін естідік. Ойлана келе, қарапайым темір есіктерді заманауи есіктерге ауыстырсақ, кіреберістерде жылу жақсы сақталады деп шештік. Осылайша жобаға қатысуға ниет білдірдік. Мен бұл бастама жайлы тұрғындарымыздың үй чатында айтып, қатысуды ұсындым. Олар бірден қолдау білдірді. Құжаттарымызды дайындап, жобаға қатысып көрдік. Нәтижесінде өтініміміз мақұлданып, жұмысымыз сәтті жүзеге асты. Әрине, жаңа есіктер орнатылғаннан кейін үйдің сыртқы келбеті бірден өзгерді. Сол кезде подъездерді де жөндеу керек шығар деген ойға келдік.

Айта кетейік, аталмыш бастама игілігін 240-тан астам пәтер тұрғындары көрді. Жоба аясында петропавлдықтар тек үйдің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, ортақ іске жұмыла қатысудың үлгісін көрсетті.

Улан Ыдырыс