Кітап – білім мен танымның ғана емес, адамдарды ортақ қызығушылыққа біріктіретін рухани қазына. Осыны насихаттау мақсатында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Кітап адамдарды біріктіреді” атты зияткерлік викторина ұйымдастырылды.
ДАРХАН БАЯХМЕТОВ, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:
– Бұл іс-шараның өзіндік мақсаты бар. Біз қатысушыларға туындылар жайлы ақпарат ұсынамыз. Осы арқылы оқушылардың авторлар мен кітаптарды есте сақтағанын, кітап оқуға қызығушылық танытқандарын қалаймыз. Сонымен қатар, осындай шаралар жастардың білімін толықтыруға, ой-өрісті кеңейтуге және өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.
Викторинаға 12 ұл-қыз қатысты. Олар 3 командаға бөлініп, логикалық, музыкалық және интерактивті ойындар ойнады, сұрақтарға жауап берді. Тапсырмалар тек әдебиетпен шектелмеді, сайыс фильмдер мен заманауи трендтерді де қамтыды.
ВАЛЕРИЯ НАУМЕНКО, қатысушы:
– Бүгін кітап тақырыбына арналған викторинаға қатыстым. Сұрақтар өте қызықты болды. Командамызда көңілді жандар жиналған. Қарсыластарымыз өздерін жақсы қырынан көрсетті. Жалпы, іс-шара көңілімнен шықты.
Зияткерлік ойын барысында барлық қатысушы өзара білімдерін ортаға салып, жылдам әрі нақты жауап беруге тырысты. Сайыс соңында сыйлық ретінде кітап пен тәттілер ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Жансая Дербисова

