Қызылжар ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған зияткерлік ойын өткізілді. Сайыс “Заң және Тәртіп” қағидаты аясында ұйымдастырылды. Бәсекеде ауылдық округтерден келген 5 команда бақ сынады. Әрқайсысы 4 адамнан тұрады. Мемлекеттік қызметшілер өз білімдерін ортаға салып, заң талаптарын пысықтады. “Мұндай шаралар мамандардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймайды, тәжірибе алмасуға және білімді арттыруға мүмкіндік береді”,- дейді ұйымдастырушылар.
ГҮЛИЯ САЛТЫҚОВА, Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– Бүгінгі шара мемлекеттік қызметшілер арасында төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Мақсатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын терең меңгерту, теориялық білімді практикалық жұмыста ұштастыру және қызметшілердің құқықтық санасын одан әрі жетілдіру болып табылады.
Қатысушылардың арасында сайысқа екінші рет келіп тұрған мемлекеттік қызметкерлер де бар. Солардың бірі – жұмыспен қамту орталығының намысын қорғап жатқан Ләззат Қоныспаева. Нәзікжанды былтыр әріптестерімен бірінші орынға қол жеткізген екен.
ЛӘЗЗАТ ҚОНЫСПАЕВА, Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:
– Біз бұл сайысқа дайындықсыз, күнделікті жұмыстағы тәжірибемізбен келдік. Өйткені мемлекеттік қызметші ретінде заңдарды әрқашан білуіміз керек. Дегенмен, тапсырмалар жыл сайын жаңарып тұрады, сонысмен өте қызықты форматта өтеді. Бұл жолы да ойлануды қажет ететін сұрақтар мен тапсырмалар көп болды. Командамызбен бірлесіп, бар білгенімізді пайдаға асырып жатырмыз.
Бәсекеге алғаш рет келіп тұрғандар да жетерлік. Мереке Мұқатайдың заң саласында біраз жылдық тәжірибесі бар. Қызылжар ауданының білім бөліміне жақында ғана жұмысқа орналасқан екен. Жеңіске жетуді мақсат етіп отыр.
МЕРЕКЕ МҰҚАТАЙ, Қызылжар аудандық білім бөлімінің заңгері:
– Қызылжар ауданының білім бөлімінен келіп отырмыз. Мемлекеттік қызметкерлер арасында осындай іс-шаралар жиі өтсе екен дейміз. Қызықты өтіп жатыр. Мемлекеттік жұмыста жаңартулар жиі болып тұрады. Мұндай шара арқылы білмегенімізді біліп отырамыз, тәжірибе алмасамыз.
Шара соңында үздік және жүлдегер атанған топтар арнайы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды. Чемпион – Соколов және Виноградов ауылдық округтерінің бірлескен құрамасы.
Жаннур Бектурганова

