Kurultai banner mobile

Қоғам

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі облыс тұрғындарымен кездесті

Облысқа жұмыс сапарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев келді. Ол облыстық кітапхана қабырғасында өңір тұрғындарымен кездесті. Атқамінердің сөзінше, биыл елімізде 5 млн 600 мың адамға жалпы сомасы 3 трлн 800 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасалған. Ал Қазақстандағы орташа зейнетақы 193 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, биыл елде 550 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

ЭЛЬДАР КҮЗЕНБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– Елімізде 4 мыңнан астам көпбалалы отбасыға мемлекеттен жәрдемақы беріледі. Қазақстанда 750 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың барлығына тиісті ақша төленіп отыр. Медициналық мекемелерден тегін ем қабылдауда.

Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысшылардың құқығын қорғау мақсатында 4 мың 300-ден астам кәсіпорынды тексерген. Нәтижесінде мыңдаған адамның құқығы қорғалып, серіктестіктерге жалпы сомасы 354 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Енді облыстағы сандарға тоқталсақ. Өңірде 180 мыңға жуық адам ай сайын әлеуметтік төлем алады. Ағымдағы жылы жергілікті басқарма 280 адамның мемлекеттің қайтарымсыз грант алып, кәсіптерін ашуға көмектескен.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Биыл облыста 7 мың 500 адам жұмысқа орналастырылды. Өңірге 3 мыңға жуық адам көшіп келді. Оның басым көпшілігі – онтүстіктен келген азаматтар. Қоныс аударушыларға мемлекеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы берілді. Айта кетейін, аймақта 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оларға 7 мыңнан астам техникалық құрал сатып алдық.

Баяндамалар аяқталғаннан кейін тұрғындар вице-министрге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, СҚО Азаматтық альянсы ассоциациясының төрағасы:
– Бәрімізге белгілі, кейбір өңірлерде мүмкіндігі шектеулі балаларды үй жағдайында оқыту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Біздің облысқа бұл игі бастама қашан жетеді?

 

ЭЛЬДАР КҮЗЕНБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
Жыл соңына дейін бұл пилоттық жоба СҚО-ға жетеді. Біз әзірге бастаманың қаншалықты тиімді екенін бақылап жатырмыз. Аз қалды. Күтулеріңізді сұраймын.

Жалпы, кездесуде 2 адам вице-министрге сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.

 

 

Нурасыл Ахмет