Kurultai banner mobile

Қоғам

Жастардың экологиялық және құқықтық білімін арттыратын шара

Петропавлдың “Тұңғыш Президент” саябағында жастар арасында “Өмір үшін бірге” атты квест ойыны өтті. Шара “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы мен “Таза Қазақстан” акциясы аясында ұйымдастырылды. Ең алдымен сайысқа қатысушы командалар өздерін таныстырды. Кейін оларға ұйымдастырушылар ойын тәртібін түсіндірді.

ЖҰЛДЫЗ ШӘКІРОВА, қазылар алқасының мүшесі:
– Сайысқа 3 команда қатысады. Әрқайсысында 15 адам бар. Олар карта арқылы саябақта жасырылған бекеттерді тауып, ондағы сұрақтарға жауап беруі тиіс. Шара аяқталғаннан кейін біз жауап парағын тексеріп, жеңімпазды анықтаймыз.

Сайыс бастала салысымен қатысушылар карта арқылы жасырылған бекеттерді табуға кірісті. Қарқындары жаман емес. Әр нүктеде олар денсаулық, құқық бұзушылық және тазалық мәдениеті бойынша тапсырмаларды орындады. Әр команда барлығы 5 бекетті тауып, жасырылған тапсырмаларды орындауы тиіс. Ұйымдастырушылардың сөзінше, түсіндірме шараларына қарағанда осы сияқты қызықты ойындар арқылы балалар көп дүниені ойға түйеді.

ӘМІР ҚИЗЗАТ, сайысқа қатысушы:
– Бізге ЖИТС инфекциясы жайлы сұрақтар келді. Бізден алдын алу, қорғану жолдарын сұралды . Әзірге, 3 бекетті таптық. Ондағы сұрақтардың барлығына дұрыс жауап беріп, жоғары ұпай алдық.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтармен марапатталды. Кейін сайыс қатысушылары табиғат аясында тамақтанды.

Нурасыл Ахмет