Kurultai banner mobile

Қоғам

Саябақ жиналды

Петропавлдық Нұрәлі Мұхамеджан тазалық шарасы десе ішер асын жерге қояды. Шаһарда өтетін сенбіліктерге, акцияларға үнемі қатысады. Бүгін де көптің арасынан табылды. Ол “Тұңғыш Президент” саябағын жинауға келді.

НҰРӘЛІ МҰХАМЕДЖАН, ерікті:
– Осы жұмыстар арқылы біз басқа да жастарға үлгі бола аламыз деп ойлаймын. Мұндай жобаларға өзім бірнеше рет қатыстым. Саяжайларды жинап, қалпына келтіруге тырысамыз. Болашақта еліміздің экологиялық мәселесін осындай жастар шешеді деп ойлаймын.

“Тұңғыш Президент” саябағын Нұрәлі сияқты 60-тан астам жас жинады. Олар: еріктілер, оқушылар мен студенттер. Отансүйгіш ұл-қыздар “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық бастамасы аясында кезекті мәрте бас қосып отыр. Белсенділердің қолына қоқыс пен жапырақтар лекті. Барлығы арнайы қаптарға салынды.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Бастама аясында жыл басынан бері бірқатар шара ұйымдастырылды. Бұл – тек тазалық акциялары емес, экологиялық мәдениетке тәрбиелейтін интеллектуалды ойындар мен тренингтер. Алдағы аптада біз “Қазақтелеком” ғимараты маңындағы саябақ аумағын ретке келтіруді қолға аламыз. Бұдан бөлек, жылдың соңына дейін біраз шаруа жоспарланған. Азаматтардың арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау түсінігін әдетке айналдыру маңызды деп санаймыз.

Жалпы, жыл басынан бері облыста “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасы аясында 300-ден астам іс-шара өткізілді. Бұл көрсетіш алдағы уақытта ұлғаяды дейді ұйымдастырушылар.

 

 

Жаннур Бектурганова