Kurultai banner mobile

Қоғам

Петропавлда “Digital North” жастар форумы өтті

Петропавлдағы “Qyzylzhar” креатив орталығында Жастар күніне орай “Digital North” форумы өтті. Іс-шара ғылым, IT, экология, медиа және қоғамдық қызмет салаларында белсенділік танытып жүрген жастарды жиды. Форум TEDx форматында ұйымдастырылып, қатысушыларға түрлі бағыттағы мамандардың пайдалы ақпараты ұсынылды. Сонымен қатар, өз жобалары мен стартаптарын таныстырған үздік қыз-жігіттер арнайы марапатқа ие болды.

ТИМУР ӘЛЖАНОВ, “Қазақстанның болашағы үшін” ҚСҰ жоба менеджері:
– Бүгін біз қоғамдық өмірде белсенділік танытып, ғылымды дамытуға ұмтылып жүрген жастарды қолдап, олардың еңбегін атап өткіміз келеді. Форум Солтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасымен және SKO Hub орталығымен бірлесіп ұйымдастырылып отыр. Форумға шамамен 150 адам қатысады деп жоспарланған. Бүгін 10 номинация бойынша үздіктер марапатталады.

 

Жеңімпаздарды арнайы комиссия іріктеп алған екен. Олардың қатарында медиа, ғылым, экология салаларында еңбек етіп келе жатқан жастар бар. Солардың бірі – Мансұр Омаров. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы маңызды форумға қос бірдей жобасын ұсынған екен.

МАНСҰР ОМАРОВ, жеңімпаз:
– Бұл байқауға бастапқыда 2 жобамды ұсындым. Оның біріншісі – Qazdysfont. Жоба дислексия мәселесіне бағытталған. Дислексия – адамның оқу қабілетіне әсер ететін мидың ерекшелігі. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстанда алғаш рет арнайы қаріп әзірледік.
Екінші жобам – EcoQ. Бұл – экологиялық мәселелерді сайт арқылы шешуге бағытталған жастардың қауымдастығы. Осы 2 жобаны да командаммен бірге республикалық және халықаралық деңгейдегі форумдарда қорғадым. Олардың қатарында Алматы қаласында UNICEF ұйымы ұйымдастырған шаралар бар.

Форум аясында Солтүстік Қазақстан жастары тәжірибелі спикерлермен де кездесіп, өздеріне қажетті ақпарат пен білім алды.

АСАНӘЛІ ЖАНАТҰЛЫ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттік үкіметінің президенті:
– Басты мақсат – жастарға IT және жасанды интеллект салаларындағы жаңа мүмкіндіктер туралы білім беру, олардың дамуына жағдай жасау. Өзім спикер ретінде келдім. Жастар қауымы өзін-өзі дамыту бойынша сөз қозғаймын.

Форум соңында қонақтар мен қатысушылардың назарына арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Улан Ыдырыс