Kurultai banner mobile

Қоғам

Белое ауылындағы мектептің құрылысы

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
– Петропавл қаласының дәл іргесінде орналасқан Белое ауылында ақ түйенің қарны жарылатын күн жақын. Бұл елді мекен тұрғындарын алаңдатқан мәселе бар – мектептің жоқтығы. Бұған дейін мұндағы білім ошағы апатты деп танылды, артынша жабылды. Қазір жаңа нысан салынып жатыр.

 

Көпті күттірген Белое ауылындағы жаңа мектептің құрылысы биылғы сәуір айында басталды. Мердігер компания – “Зерттеу СК” серіктестігі. Жаңа білім ошағы 120 балаға шақталған. Қазіргі таңда алыстан көзге түсетін нысанда ішкі жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, ғимараттың су ағатын жүйесі мен блок-модульді қазандығы салынуда.

АЗАМАТ СҰЛТАНОВ, “Зерттеу СК” ЖШС учаске бастығы, Қызылжар ауданы:
– Сонымен қатар, құрылыс алаңында қабырғаның сыртын жылытқыш материалмен қаптау және ғимарат қасбетін әрлеуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жылу желісін тартуға қажетті материалдар да жеткізілуде. Қазіргі таңда мұнда 25 адам мен 3 техника жұмыс істеуде. Жалпы, құрылыс аумағы 3800 шаршы метрді құрайды. Оның қолданыс алаңы – 1862 шаршы метр.

 

Құрылыс алаңында тер төгіп жүрген жандардың айтуынша, барлық жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Жаңа мектеп құрылысына негізінен отандық өнімдер пайдаланылып жатыр. Қажетті темірбетоннан жасалған материалдар өзімізде өндіріледі. Кірпіштің де бір бөлігі Солтүстік Қазақстанда жасалған.

ӘЛІБЕК ӘУБӘКІРОВ, монтаждаушы, Қызылжар ауданы:

– Қазіргі таңда көмір сақтау қоймасының еденіне монолитті бетон құю жұмыстары жүргізілуде.

Бұл құрылысты Белое ауылының тұрғындары көп күтті. Ата-аналардың да, балалардың да қуанышында шек жоқ. Жоспар бойынша бұл әлеуметтік нысан келесі жылдың қаңтар айында қолданысқа беріледі. Айта кетейік, бұдан бөлек өңірімізде 11 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал ағымдағы жөндеу жұмысымен 100-ден астам білім ошағы қамтылған.

Улан Ыдырыс