Бұл – Театр көшесі, 47 мекенжайында орналасқан 9 қабатты үй. Мұнда “Жайлылық градусы” жобасы аясында 7 подъездің есігі ауыстырылған. Дәлірек айтсақ, жергілікті “GROW KZ” қоғамдық қоры мен қалалық ПИК қауымдастығы халықаралық конкурсқа қатысып, 5 млн теңге грант ұтып алған. Барлық жұмыс осы қаржыға істелініпті.
СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Грантты ұтып алу үшін көпқабатты баспананың тұрғындарымен жоба әзірледік. Міне, енді жемісін көріп отырмыз. Барлық подъездің есігін ауыстыруға жеңіп алған қаржы жетпеді. Қалғанын тұрғындар қосты. Баспанаға пластик есіктер орнаттық. Себебі, тозған темір есіктерден жел кіріп, салдарынан жылу шығыны көбейді. Үйлердің іші суып кететін еді.
Жаңа есіктердің салынып жатқанын көрген ұйымшыл тұрғындар өзара ақша жинап, баспанадағы әр подъездге жөндеу жұмыстарын да жүргізген. Үйге кіреберіс аймақтың бұрынғы мен қазіргі күйін қарасақ, салыстыруға келмейді. Сергей Худяков үйлерге заманауи есіктер орнатылса, азаматтар жылуға аз ақша төлер еді деп санайды.
СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Петропавлда ескі үйлер көп. Тұрғындарынан жаңа баспаналардағы жерлестерімізге қарағанда көбірек төлем алынады. Себебі, бертін қолданысқа берілген тұрғынжайларда жылуды үнемдейтін арнайы қондырғылар орнатылған. Шетелдік мамандар бұл мәселенің шешімін тапты. Германиялықтар ескі көпқабатты нысандардың сыртын, шатырын, тіпті, жертөлесіне дейін жылуұстағыш материалмен қаптаған. Тиісінше, олар жылу үшін аз ақша төлейді.
“Жайлылық градусы” жобасының игілігін көрген 240-тан астам пәтердегі петропавлдықтар үйлерінде оң өзгерістердің орын алып жатқанына қуанышты. Жоба жетекшілерінің сөзінше, пластик есіктерді орнатудың нәтижесінде жылуға кететін шығын 10 пайызға азаюуы тиіс.
Нурасыл Ахмет

