Kurultai banner mobile

Қоғам

Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру

Облыстық кітапхана қабырғасында “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын ілгерілету аясында арнайы профилактикалық іс-шара өтті. Оның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Басқосуға 60-қа жуық оқушы, студент пен ерікті қатысты. Кездесу барысында олар үшін ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, мамандармен тікелей пікір алмасты.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім басшысы:
– Кездесу барысында киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтық, нашақорлық, лудомания және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Аталған тақырыптарды бекерден-бекер таңдамадық. Олар жастар арасында өзекті саналады. “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында мұндай іс-шаралар түрлі форматта өткізіледі. Атап айтқанда, профилактикалық кездесулер, зияткерлік ойындар, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, әр шараға түрлі саладағы жаңа спикерлер мен сарапшылар тартылады.

Интернет-алаяқтық мәселесіне жеке тоқталайық. Жыл басынан бері өңірімізде дропперлік қылмыстың 167 дерегі тіркелді. Тәртіп сақшыларының сөзінше, мұндай іске көбіне жастар барады. Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұл-қыздарға банк картасын бөгде адамдарға бермеуге, егер карта жоғалса, оны дереу бұғаттауға шақырды.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
– Дропперлік қылмысқа тек жастар емес, ересектер мен егде жастағы азаматтар да тартылуы мүмкін. Оқу жылының басталуына байланысты бірінші курс студенттеріне ерекше сақ болуды ескертеміз. Жастар әлеуметтік желілерде жоғары табыс ұсынатын күмәнді адамдарға сенбеу қажет. Банк картасын, шот деректерін немесе өзге де төлем құралдарын бөгде адамдарға беруге болмайды. Егер карта немесе шот қылмыстық жолмен алынған қаражатты аудару үшін пайдаланылса, оның иесі де заң алдында жауап береді.

Іс-шараға қатысып отырған жастың бірі – Әлішер Саян. Оның сөзінше, бүгінгі кездесудің жастар үшін маңызды. Ол ақпараттық технологиялар дәуірінде әрбір адам сауысқандай сақ болуы қажет деп санайды.

ӘЛІШЕР САЯН, қатысушы:
– Жастар өз құқықтарын біліп, әр ісіне жауапкершілікпен қарау керек. Бүгінгі іс-шарада алаяқтықты болдырмау, интернеттегі қауіпсіздік туралы ақпарат алдық. Сарапшылар алаяқтықтың түр-түрі жайлы айтып берді, жеке деректерді қорғау мәселелеріне де тоқталды. Мен үшін мұндай кездесулердің маңызы зор.

Ұйымдастырушылардың пайымынша, алдағы уақытта мұндай іс-шаралар өз жалғасын табатын болады. Оның барысында терроризм мен экстремизмнің, сыбайлас жемқорлықтың, нашақорлықтың алдын алу мәселелері көтеріледі.

Улан Ыдырыс