Kurultai banner mobile

Қоғам

СҚО-да ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 146 бұзушылық тіркелген

Еліміздің Ішкі істер министрлігі цифрлық технологиялар арқылы жол қозғалысына бақылауды күшейтуде. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларының иелігінде дрондар, орташа жылдамдықты бақылау жүйелері, патрульдік автокөліктердегі мобильді және лазерлік кешендер бар. Олар полиция қызметкерлеріне жолдағы ереженің бұзылуын анықтауға, қауіпті жағдайларға жедел ден қоюға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және өзге де бағытта көмектеседі

БАҒЛАНБЕК АЙТПАЕВ, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
– Бұл шешімдер қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тәртіп бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысын әуеден бақылайды. Олар жылдамдықты асырған және жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілерді тіркейді. Ең бастысы дрондар құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі. Патрульдік автокөліктерге орнатылған мобильді кешендер де жол қозғалысын бақылауда маңызды рөл атқарады. Олар көлік ағынының арасынан ұялы телефон қолдану, жаяу жүргіншіге жол бермеу, жылдамдықты асыру және маневр жасау қағидаларын бұзу сияқты деректерді автоматты түрде анықтайды.

Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысына қатысты деректермен де бөлісе кетейік. Жыл басынан бері өңіріміздің тәртіп сақшылары жолдарда ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 146 бұзушылық тіркеген. Соның 23-і шілде айында анықталыпты. Жүргізушілер жалпыға ортақ заң аясында жауапқа тартылған.

Байболат Култанов